Хабар телеарнасы

СҚО-да тасқынға қарсы шаралар жүріп жатыр

Көктемгі тасқын әсіресе Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындарын, әбігерге салуы мүмкін.

Табиғи апат бола қалған жағдайда оның алдын алу үшін «Көктем – 2019» республикалық оқу-жаттығуы басталды. Бас штаб Петропавл қаласында орналасқан. Аталған өңірдің 92 ауылын құтқарушылар бақылауға алған. Олар негізінен Есіл бойындағы елді мекендер. Ал «Қазгидромет» мамандарының айтуынша, биыл қар былтырғыдан қалың. Ал ертең күштік құрылымдар іс-қимылдарын пысықтайды. Аталған шараға 40 мыңнан астам адам және 10 мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылмақ.

Жомарт Асқаров, республикалық оқу-жаттығу штабы басшысының орынбасары:

- Қазір барлық өңірде осы оқу-жаттығу аясында қар тазаланып, арықтар аршылып жатыр. Құрылымдар күшейтілген жұмысқа ауыстырылды. Дабыл берілді. Жұмыс жалғасуда.