Шағын ауылдарды түлетуге мүмкіндік бар
Яғни алдағы оншақты жылда өңірдегі осыншама ауылда өмір сүру сапасы біршама жақсара түседі. Газ, су тартып, жол салу жұмыстары қарқын алады. Әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, ауыл халқының тұрмыс жағдайына игі әсер етері сөзсіз.
Санай ақсақалдың жасы жетпіске тақаса да, әлі қайраты қайта қоймаған. Үй шаруасынан қолы қалт етсе, аңға шығып, құс салады. «Қазір ауылда тұрып, жұмыс жоқ деу күпірлік», – дейді көпті көрген қария.
Санай Іркітбай, Заречный ауылының тұрғыны:
- Ауылда жұмыс істейтін адамға жұмыс көп қой. Мал асырап, картоп егу керек. Қарап отыратын уақыт жоқ. Газы, суы бар. Ақсаусақ болдық қой. Ағашпен, көмірмен жағаласпаймыз, жан тыныш.
Санай ақсақал мен Әзей әжейдің балалары іргелес тұрады. Бірі малмен айналысса, екіншісі ер тоқым, жүген сияқты ат әбзелдерін, тағы бірі киіз үй жабдықтарын жасайды.
Әзей Бәлелқызы, Заречный ауылының тұрғыны:
- Ресейде облыс-облыстан да алып жатады. Биыл да 6-7 үйді жан-жаққа жібердік. Ең соңында Ресейге апарып келдік.
Халықтың тұрмыс-тірлігі үшін барлық жағдай жасалған. Заречный ауылының ахуалы басқалардан көш ілгері. Сондықтан мұнда сырттан көшіп келушілер көп. Заречныйда соңғы екі жылда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған жер үйлердің саны жүзден асады.
Қалыбек Жұмашев, Заречный селолық округінің әкімі:
- 2018 жылы 61 үй тапсырдық. Осындай бір қабатты және екі қабатты үйлер. 2019 жылы тағы да жүзге жуығын тапсырамыз деп отырмыз. Үйлерге газ, жарық, су, бәрі тартылған.
Әрине, ауданда тасымал су тұтынып, балалары қатынап оқитын ауылдар да жоқ емес. Жергілікті атқарушы биліктің міндеті – солардың әлеуетін көтеруге күш салу. Мысалы биыл 2 мың халқы бар 4 елді мекенге ауызсу тарту межеленіп отыр. Сондай-ақ ауыл арасы және аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуге миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалмақ.
Әнуарбек Қасымов, Қостанай ауданы әкімінің орынбасары:
- Биыл Жданов ауылына бұрылыстағы 9 шақырым жолды жөндеуге 240 млн теңге бөлінеді. Сондай-ақ халық көп шоғырланған Октябрь ауылына кіреберіс және ішкі жолдарын қалпына келтіруге 120 млн теңге қаралған.
Жалпы облыс бойынша 548 ауылдық елді мекен бар. Ресми түрде соның тек 18-інің даму әлеуеті төмен, яки болашағы бұлыңғыр деп есептеледі. Ал қалған 500-ден астам ауылды түлетуге мүмкіндік бар.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг