Әлеуметтік көмек беру жүйесі өзгереді
Яғни келер айдан бастап 830 мың қазақстандық әлеуметтік көмекті көтерілген мөлшерде ала бастайды және оны алудың талабы жұмсарды. Енді мемлекеттік жәрдемақы тағайындалар тұста отбасының жалақысы мен төрт түліктен түсер табысы ғана есептеледі.
Қарағанды облысының Абай ауданында атаулы әлеуметтік көмекті қазір небәрі 15 отбасы алады. Енді бір айдан кейін бұл тізім 300-ге жақындайды. Сондай-ақ кәсіп ашамын деген аналарға қайтарымсыз грант беріледі. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осы және өзге де жеңілдіктер жайлы халыққа жан-жақты түсіндіру үшін арнайы жұмыс тобы жолға шықты. Олар үй-үйді аралап, аналарға анық әрі ашық ақпарат бермек.
Айгүл Сейфуллина, Абай аудандық еңбекпен қамту және ӘБ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Қазіргі таңда әлеуметтік көмекті 200 адам алса, келесіде 2 мың адам алады деп күтіп отырмыз. Енді сол адамдарды шақырып: «Келіңіздер, осындай оқу бар бізде, кәсіптік оқу болады», – деп жатырмыз. Көп балалы аналарға 500 мыңнан қайтармайтын грант берейін деп жатыр. Соны түсіндіріп, сосын өз жұмысын ашу үшін, кредит алу үшін жағдайдың барлығын түсіндіріп жатырмыз.