Алдағы екі жылда елде 595 медициналық нысан салынады
Оның жолдарын қазір жауапты министрлік нақтылап та қойды. Алдағы екі жылда елімізде 595 медициналық нысан салынады. 577-сі ауылдық жерде, 18-і қалада. Бұл туралы арнамызға берген эксклюзивті сұхбатында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Осылайша алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қолжетімді етпек. Ал 1 шілдеден ақ халатты абзал жандардың жалақысы 30% өседі.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Біріншіден, алғашқы медициналық көмекте істейтін учаскелік дәрігерлердің, екіншіден, педиаторлар, жедел жәрдем және реаниматологтардың жалақысын көтереміз. Сонымен қатар онкология, туберкулез салаларында көп жетіспеушілік бар. Сонымен сол дәрігерлердің жалақысын 30% көтереміз деп жоспарлап отырмыз.
Ал маман тапшылығын шешу үшін грантта оқыған медициналық оқу орнының түлегі әуелі 3 жыл ауылдық жерде жұмыс істеуге міндеттеледі. Оның қай өңірге баратынын арнайы комиссия шешетін болады.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Осы жылдан бастап жаңа заң іске асырылады. Осы заң бойынша 3 жылға жіберіп, сол жерде жұмыс істеткізіп, маман тапшылығы мәселесін шешуге жоспарлап отырмыз. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті атқару органдарының қолдауы қажет. Оның себебі әлеуметтік, материалдық қолдау өте маңызды.