«Бақытты отбасы» бойынша пәтер алуға өтініштер қабылдана бастайды
Nur Otan партиясының ХVIII съезінде әлеуметтік аз қамтылған топтың жағдайын көтеру туралы Елбасының тапсырмасын орындауды Алматы қаласының әкімдігі қолға алды. 11 наурыздан «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша пәтер алуға өтініштер қабылдана бастайды.
Алматыдағы әлеуметтік көмекке зәру отбасыларға арналған бағдарламаның 7 бағыты нақтыланды. Олар – тұрғын үй несиесі, жұмысқа орналастыру, білім алуға көмектесу, жыл сайынғы әлеуметтік және біржолғы төлемдер, қайырымдылық ұйымы. Соның алғашқысы көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы ай сайын 20 мың теңге болып бекітілді. Оған қажетті құжаттарды жинау, оны тапсыру оңтайландырылды. Ал мүгедек балаларға күтім жасайтындардың жәрдемақысы 31 мың теңгеден 41 мың теңгеге дейін артты. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қызмет көрсету орталығы ашылады. Оған бюджеттен 166 млн теңге бөлінген.
Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:
- Партия съезінде көтерілген, бұрын соңды болмаған осы кешенді әлеуметтік шаралар мен жобаларға Елбасы бюджеттен қосымша 2 трлн теңге бөлуді тапсырды. Осы әлеуметтік тапсырмаларды сапалы іске асыру мақсатында жұмыс бағыттары мен жауапты органдар нақтылана отырып, Алматыда арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді.
Тағдыр тәлкегімен қиын жағдайға душар болған отбасыларға төленетін бір реттік көмек сомасы 25 мың теңгеден 50 мың теңгеге дейін артты. Аталған көмекті биыл 5 мыңнан астам адам алады. Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша ипотекалық несиемен баспана алуға құжаттар қабылдана бастайды. Бастапқы жарна пәтер құнының 10% құрайды және несие 2% өсіммен беріледі. Алғашқы жарнаны төлей алмайтын отбасыларға қала бюджетінен 1 млн теңге көлеміндегі сертификат тапсырылады.
Рахат Шимашева, Алматы қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы:
- «Бақытты отбасы» осы сәуір айынан қосылады. Бұдан кейін жәрдемақылардың барлығы, алдында айтқан төрт жәрдемақы бойынша 15 наурыздан бастап түгел тұрғындардың құжаттарын жинау басталады. Тұрғын үй беру сертификаты 11 наурыздан басталады.
Қалаға жаңадан қосылған Алатау және Наурызбай ауданы тұрғындарының сұрауы бойынша жол жөндеу жұмыстары да шешімін тапты. Нақтырақ айтсақ, тоғыз ықшам ауданға инженерлік желі тартылып, 97 шақырымдық жол құрылысы басталды. Оған республикалық бюджеттен және қалалық бюджеттен 10 млрд теңге бөлінді.
Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:
- Үш млрд теңге қаржыны республикалық бюджеттен осы жолдардың мәселесін шешуге жұмсауымыз қажет деп ойлаймын. Сондай ақ стратегия және бюджет басқармасының басшысына жергілікті бюджетті сараптап, басымдыққа ие емес шығындарды оңтайландырып, қосымша қажетті төрт млрд теңгені қарастыруды тапсырамын.
Сондай-ақ әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың мектепте оқитын балаларына ай сайын 5 мың және студентке 10 мың теңге стипендия төленеді. Сонымен қатар аталған топтағы отбасылардың екінші баласы үшін наурыздың жиырмасынан бастап балабақша тегін. Мұнымен қатар мыңға жуық әлеуметтік жұмыс орындары ашылмақ. Ол үшін бес жүзге жуық мекемемен келісім жасалған.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев