Қазақстандық әйелдер ер-азаматтардан не күтеді?
Әдетте демалысын үйде өткізетін астаналықтар келісіп алып бір сәтте көшеге шыққандай. Арқаның ауа-райы көктемнің келгенінен бейхабар болса да, қызғалдақ пен раушан шоқтарын құшақтап асығысқан халық қала атмосферасына ерекше шырай бергені сөзсіз.
Астанаға көктем келгенін көшесінен емес, қоғамдық көлігінен білуге болады. Әдетте аялдамасынан адамын тиеп алып, жүйткитін автобус та бүгін мерекелік көңілмен маң басып, асықпай жүріп келе жатқандай. Гүл алып жақынына асыққан бұл жігітке жай жүрістің жақпайтыны белгілі. Бірақ бүгін мереке. Шоқ гүлін құшақтаған Жұмағұловтар отбасын да біреулер күтіп отыр.
Маржан Жұмағұлова, қала тұрғыны:
- Сіздерге тегін деп, 8 наурызбен құттықтап жатыр. Рахмет. Қонаққа шақыруда, өзіміз де шақырамыз.
Астананың көшесі әдеттегідей бүгін де қарбалас. Бірақ бұл асығыстық басқаша. Жұмысқа емес, сыйлығын сүйіктісіне беруге асық. «Демалыс бұйырмай, қызметте болсаң да кешке үйге гүлсіз келуіңе хақың жоқ», – дейді бұл мереке.
Ескі әдетінен жаңылмай Жақсылық ақсақал да гүл дүкеніне асықты.
Жақсылық Алхамин, қала тұрғыны:
- Бүкіл Астананың, Қазақстанның әйел-қыздарын құттықтаймын. Мерекеден мереке жете беріңіздер. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын. Бұл гүлді дәстүр бойынша құдағиларыма алдым.
Көктемнің нышаны ретінде көпшілік қызғалдақ алғанды ұнатады. Ал махаббатын кезекті рет білдіріп, сезімін серпілткісі келетіндер раушан гүлін қош көреді. Ақтауда бір ана әлемдегі ең құнды сыйлығын күтіп, тағат таппай отыр.
Жалғас Орынбай, оқушы:
- Мен бір ай бойы тиын жинап, бүгін анама гүл сатып алып жатырмын. Осындай мерекеде анамды қуанту – басты мақсатым. Қызғалдақ – анамның жақсы көретін гүлі.
Түркістанға қайта оралған облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев те бүгін көңілді күйде, бейресми кездесуде. Әкім өңірдің көпбалалы аналарының басын қосып, құттықтады. Кеште сый да болды, би де болды. Жарасымды.
Көктемнің мерекесі әр шаңырақта, шаһарда, елде, әлемде тойланып жатыр. Бүгінгі күннің басты кейіпкері – тіршіліктің бастауы аналар, қыз-келіншектер. Ең жақсы сөз де, жылы лебіз де, құнды сыйлық та, бәрі-бәрі сіздерге.
Иә, бүгінгі күн – сезім білдіретін күн. Ер-азаматтың бір жылын, отбасының жылуын айқындайтын сол бір күн.
Авторы: Азамат Алдоңғаров