Мектеп директорлары өз кабинеттерін босатып берді
Бұл – бала саны көп білім ошақтары үшін таптырмас тәсіл. Мысалы, Жамбыл облысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 61 білім мекемесін тексеріп, 11 мектеп басшысының жұмыс кабинеті 40-50 шаршы метр аумақты алып жатқанын анықтаған. Олар шағын кабинеттерге көшуде.
Қырмызы Жексенбек, тілші:
- Бұл – Тараздағы №8 гимназияның оқушылары. Жәй күндері директор кабинетін аттап баспайтын олар, емін еркін отырып сабақ оқып жатыр. Ал талай жылдан бері кең әрі ыңғайлы бөлмеде отырған мектеп басшысы бір-ақ күнде тар бөлмеге жайғасты.
2079 шәкірт білім алатын мекемеде сынып жетіспеушілігі бұрыннан болған. Сондықтан бұл бастаманы гимназия директоры бірден қолдап, 40 шаршы метрлік кабинетін босатып берді.
Әлішер Әзімбай, №8 гимназия директоры:
- Осы кабинеттің жетіспеушілігін біз ағылшын тілі кабинетін роботехника кабинетіне айналдырып, өзімнің босатқан кабинетіме ағылшын тілі және орыс тілі пәндері оқытылатын кабинет қылып жасақтадық.
Өңірде 446 мектеп бар болса, әзірге 11 директор жайлы орнын білім беру сыныптарына өткізді. Енді бұл үрдіс тоқтап қалмай, өңірдің барлық мектептерінде жалғасын табады. Мұндай жоба мектептердегі сынып жетіспеушілігін шешуге және бюджет қаржысын үнемдеуге үлкен септігін тигізбек.
Ал Шымкентте 28 білім ұясындағы ауданы кең кабинеттер бір сәтте сынып бөлмелеріне айналып шыға келді. Оқушылардың көптігінен білім ұясындағы мерекелік шаралар өтетін акт залда биылғы жаңа оқу жылынан бастап сынып бөлмесі ретінде пайдалануға берілген.
Еліміздің батыс өңірінде де 7 мектептің басшылары кабинеттерін қосымша үйірмелер мен сабақтарға беріп, өздері 1-қабаттағы шағын бөлмелерге жайғасты.
Ержан Бахытбек, №35 мектеп директоры:
- Үлкен кабинет болған соң енді 1-сыныптағы алты жасар балаларға кең әрі жарық болады, ауасы да жақсы. Балалардың жүріп-тұруына ыңғайлы.
«Астана – адалдық алаңы» жобасынан бастау алған игі бастама тек мектеп әкімшіліктерімен ғана шектелмейді. Қазіргі таңда мемлекеттік мекемелердің орналасқан алаңдарын да оңтайландыру жұмыстарын жүргізу қолға алынды.
Авторы: Қырмызы Жексенбек