Бірқатар мемлекет Boeing ұшақтарын қолдануды уақытша тоқтатты
Әуе апатының себебін анықтағанға дейін Эфиопия бұл ұшақпен ұшудан бас тартса, кейін бұл шешімге Кайман аралдары мен Қытай да қосылды. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Азаматтық авиация комитетінің өкілдері Boeing ұшағы бар қазақстандық әуекомпанияларына арнайы нұсқау жіберді.
Бұл – соңғы 5 айдағы Boeing 737 Мах 8 ұшағымен болған екінші әуе апаты. 2018 жылдың қарашасында дәл осындай ұшақ 189 жолаушының жанын қиса, кеше тағы 157 адамның ажалы аспаннан келді. Бұл факт әлемдік әуе тасымалдаушыларды тіксіндермей қоймады.
Қытай әуекомпаниялары Boeing ұшағының бұл түрімен ұшуды түгел тоқтатқанын мәлімдеді. Қазір қытайлық компаниялардың қолданысында осындай 60 ұшақ бар.
Сюй Яньмэй, Қоғаммен байланыс бөлімінің қызметкері /Boeing/:
- Қауіпсіздік – біздің жұмысымыздағы ең басты бағыт. Біз апаттың барлық себебін анықтау үшін жан-жақты әрекет етіп жатырмыз. Тексеру тобымен, реттеуші органдармен тығыз байланыстамыз. Жұмыс жаңа басталды, сондықтан қандай да бір ақпарат беруге ертерек.
Boeing 737 Мах 8. Бұл – Boeing 737 ұшақтарының төртінші жаңа буыны. Ұзындығы – 39,52 метр, ішіне жалпы саны 210 жолаушы сыяды. Қанытының құлашы – 35,9 метр, ұшу ұзақтығы – 6,5 мың шақырым. Boeing ұшағының дәл осы түрі әлем бойынша ең көп саудаланған. Солардың бірін қазақстандық SCAT әуекомпаниясы өткен жылдың көктемінде 115 млн долларға сатып алған.
Дәулетбай Серікбаев, Азаматтық авиация комитетінің инспекторы:
- Өткен жылдың наурызында біреуін, осы жылы тағы бірнешеуін сатып алатын болған еді. Бұдан бөлек SCAT түрлі модификациялы Boeing 737 Мах 8 пайдаланып жүр, Sunkar Air компаниясы да Boeing 737 классик түрімен әуе тасымалын жасап жүр.
Қамданған қапы қалмайды. Азаматтық авиация комитеті қазақстандық әуекомпаниялардың барлығына радиограмма жіберді. Онда Boeing маркалы әуе кемелерін тексеріп, инженерлік құрамға тренинг жүргізу талабы жазылған.
Дәулетбай Серікбаев, Азаматтық авиация комитетінің инспекторы:
- Басқару, биікке көтерілу, төмендеу, қону секілді барлық операцияны қайталауға тапсырма берілді. Бұл адамдардың қауіпсіздігі үшін қажет. Бұл ұшақты бір жыл пайдалану барысында бір-ақ рет оқыс жағдай тіркелді. Ақпан айында Шарм-эль-Шейхтан көтерілген сәтте биіктікті көрсетпеген, экипаж кәсібилік көрсетіп, ақауды уақытында жөндеді.
Қазақстандық SCAT Boeing 737 Мах 8 ұшағының әлі бесеуін сатып алуға келісімшарт жасасқан. Одан бас тартатыны әлі белгісіз. Ал апаттан әзірге соңғы ақпар. Associated Press агенттігі қара жәшіктің табылғанын хабарлады.
Марк Вайс, Reagan Aero-Tech халықаралық операциялар жөніндегі директоры:
- Техникалық тұрғыдан біз 30 күндей күте тұруымызға тура келеді. Апаттың себебін екі қара қара жәшік, ұшу мәліметтерін тіркеуші мен кабина диктофонын тауып, қарап тыңдап шыққан соң айтуға болады. Бұл жолғы апаттың осыдан бірнеше ай бұрын Lion Air компаниясында болған оқиғамен ұқсастығы бар. Екі ұшақ та жаңа, соңғысы қарашаның ортасында ғана жеткізілген. Ол әуеде 6 минут болды, бұл – пилоттың апаттық сигнал қосуына жеткілікті уақыт. Сондықтан соңғы екі апат сәйкестігі анықталатын болады.
Апат айтып келмейді. Қазір әлем бойынша Boeing 737 Мах 8-дің 300-ге жуық ұшағы ұшып жүр. Компания басшылығы апатқа қатысты ешқандай ақпарат таратпай отыр, тек қайтыс болғандардың отбасына көңіл айтумен шектелді.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Меруерт Жақан