Жайық өзенінің жайы талқыланды
Құрамында Денсаулық сақтау, Энергетика, Ішкі істер және Ауыл шаруашылығы министрліктері мен Экологиялық реттеу және қадағалау комитетінің басшылары бар.
Естеріңізге салсақ, былтыр желтоқсан айында Атырау облысында өзен суына араласқан белгісіз химикаттан 108 тонна балық қырылып қалған болатын. Қыс бойы Жайық өзені мен шағын су арналарынан тонналап балық өлексесі жиналды. Алайда әлі күнге олардың нақты қандай аурудан өліп жатқаны анықталған жоқ.
Қарт Жайыққа келген зардап орасан. Өткен желтоқсан айында мұз бетінен 108 тонна балық жиналды. Өкінішке қарай, оның 100 тоннадан астамы – бағалы бекіре тұқымдастар. Осыған орай салааралық комиссия құрылды. Олар осы уақытқа дейін оқиға орын алған орындардан 80-ге жуық су сынамасын алды. Балық инспекциясы балықтың жүру бағытына бақылау жүргізді. Бірақ нәтиже көңіл көншітпейді. Биыл балық аз. Өткен бір айда бар болғаны 9 ғана тірі балық торға түскен.
Өтеген Бисәлиев, балықшы:
- Күн салқын, мұз жаңа кетіп жатыр ғой. Өлі балықтар да кездеседі. Бірақ аздау. Мұз жаңа кетіп жатыр. Сондықтан мұз астына қысылып қалған болар.
Қазір мұз көбесі сөгіліп, қызылсу көтерілгелі Атырау облыстық Балық шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен Жайық өзенінде жаппай балық өлекселерін жинау шарасы басталды. Еріктілер өткен сенбі-жексенбі күндері 1,3 тонна өлі балық жинады. Беделді комиссияның жұмысына қатысқан табиғат жанашырлары қырылған балықтың қарасы әлдеқайда көп дегенді айтады.
Алайда салааралық комиссияның пікірі сәл өзгеше шықты. Олар Жайық өзеніндегі тартымды аралады. Суға сүңгіру түсіріп өзен табанынан сынама алып, өз тұжырымдарын білдірді.
Зұлфұхар Жолдасов, ҚР ЭМ Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары:
- Басты міндет – апатты жағдайдың салдарын жою. Яғни халықтың саулығын сақтау. Мамандар 80-нен астам сынама алды. Төрт түрлі сараптама жүргізіліп жатыр. Бірақ әзір тексеру аяқталмаған, оның қортындысын да айтуға әлі ерте.
Нариман Жүнісов, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілі:
- Өзенде 8,6 тонна балық шығын болған. Ол Жайық өзеніндегі жалпы балық қорының шамамен 0,4% құрайды. Бірақ балық өлекселерін жою жұмыстары жалғасып жатыр. Сондықтан табиғатқа келтірілген залал туралы айтуға ерте. Ал ең көп зардап шеккен жеке шаруашылықтың бекіре тұқымдас балықтары туралы әңгіме басқа.
Қазір Атырауда қыс бойы өлген балық өлекселерінен тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 10-11 наурыз күндері өткізілген сенбілікте еріктілер 1,3 тонна балық өлексесін жинады. Оған облыстағы табиғат пайлаланушылар мен құзырлы орган қызметкерлері мен техникалары жұмылдырылған.
Жайық өзені – 270 мыңнан астам тұрғыны бар Атырау облысының негізгі тірлік нәрі. Күнелтісі. Өзен бойында орналасқан 3 аудан мен Атырау қаласының егін мен мал шаруашылығы Жайыққа тікелей тәуелді. Одан өзге облыста балықшы аулаумен айналысатын 19 өндірістік кооператив бар. Олар байырғы кәсіптеріне кірісті. Егер Жайық өзенінде орын алған апатты жағдайдың сыры ашылмаса, мыңдаған балықшылар отбасының күнкөрісі қиындайды.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов