Қазақстанда Boeing 737 MAX 8 ұшағының көкке көтерілуіне уақытша тыйым салынды
Әуе кемесі SCAT компаниясына тиесілі болатын. Шектеу қанша уақытқа созылмақ? Boeing 737 MAX-ке алынып қойған билеттерді ауыстырудың қажеті бар ма?
Ел аумағында Boeing 737 MAX 8-дің бір ғана ұшағы қатынайды. Әуе кемесі SCAT компаниясына тиесілі. Оның ұшуына уақытша тыйым салынды.
Дәулетбай Серікбаев, Азаматтық авиация комитетінің инспекторы:
- Қазіргі уақытта SCAT әуекомпаниясы басқарушылары Boeing 737 MAX 8-ті уақытша тоқтатты. 15 күннің ішінде комиссияның шешімі болады. Сол кезден бастап біз бір шешімге келеміз.
Әрине, Эфиопиядағы әуе апатынан кейін Boeing 737 MAX ұшағымен қатынауға көпшіліктің жүрегі дауалай қоймас. «Ал билетті алдын ала алып қойғандардың алаңдауына негіз жоқ», – дейді сала мамандары.
Виктория Старожилова, SCAT әуекомпаниясының қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі:
- SCAT әуекомпаниясына қарасты Boeing 737 MAX лайнерінің ұшуына уақытша тыйым салынғандықтан өзге әуе кемесімен алмастырылады. Барлық рейс жүзеге асырылады, бірақ ұшу кестесіне өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Дәулетбай Серікбаев, Азаматтық авиация комитетінің инспекторы:
- Билетті өткізудің қажеті жоқ. Әуекомпанияда тағы да 6 ұшақ бар. Барлық әуе кемесі техникалық жағынан жарамды. Сол себепті барлық рейсі уақытша ұшады.
Boeing 737 MAX 8 ұшағын қазақстандық SCAT әуекомпаниясы былтыр көктемде 115 млн долларға сатып алған. Тағы 5-еуін алу жөнінде келісімшарт жасалған. Алайда ұшақтарды сатып алатын-алмайтынымыз Эфиопиядағы ұшақ апатының себептерін анықтайтын комиссияның шешіміне байланысты болмақ. Жалпы әлем бойынша Boeing 737 МАХ-тың 300-ге жуық ұшағы қатынайды. Қайғылы оқиғадан кейін БАӘ, Индонезия, Қытай, Үндістан, Жаңа Зеландия мен Түркия билігі әуе кемесін уақытша сапарға шығармау жөнінде шешім қабылдады.
Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Айбын Құсанбеков