Нан бағасы көтерілмейді
Бұл Орталық Азияда, Иранда және әлемдік нарықта астық бағасының жоғарылауына байланысты болған. Бұған біз бір жағынан қуануымыз керек. Өйткені біздің астық өндірушілеріміз жоғары бағамен сатып, қарыздарынан құтылып, көктемгі жұмыстарды өткізуге қаражаттарын алып отыр. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров осылай мәлімдеді. Бірақ еліміздің көптеген өңірінде нан қымбаттады. Алдағы уақытта ас атасының бағасы қымбаттай ма?
Ақпанның соңында Павлодарда нанның бағасы 10 теңгеге бірақ көтерілді. Оған себеп – 73 теңгеден сатылған бірінші сұрыптағы ұнның 80 теңгеге қымбаттауы. Дегенмен жауаптылар әлеуметтік дүкен басшыларымен бағаны 85 теңгеден асырмауға келіскен.
Марат Асипов, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
- Қазіргі уақытта әлеуметтік дүкендермен меморандумға отырдық. Бұл сауда нүктелері нанның бағасын 85 теңгеден асырмауға келісті. Енді ірі сауда желілеремін уағдаласпақпыз. Бұл – өнім бағасын тұрақтандыруға бағытталған істер.
Қостанайлық наубайшылар да ас атасының құнын көтеруге мәжбүр. Мұнда да нан қазір 85 теңге. Өйткені бидай қымбаттаған.
Нұрсұлтан Қабделов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
- Негізгі себеп – бидайдың көлемінің азаюы, экспортқа шығарылуы. Сондай-ақ басқа облыстарда ұн жасалуына байланысты көлемдердің азайып, бірақ сұраныстың азаймауы негізгі себептердің бірі болып табылады.
Былтыр Қостанай облысында жиналған астықтың екі млн-ға жуығы шетелге экспортталған. Әлемдік нарықта бидай қымбаттаған. Ол бізге де әсер етеді. Сондықтан шаруалар бидайдың қымбаттағанына қуанбаса, қапаланбайды. Бірақ бірінші сұрыпты ұннан жасалатын, яғни халықтың сұранысындағы нанның бағасы қымбаттамайды. Министрдің өзі айтты. Қазір бидайдың тоннасы 64 мың теңгеге жетсе, ал нанның бағасы 75-78 теңге аралығында болады.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Жоғары сорт ұннан жасалған нан 130-140 теңге тұрады. Ал бірінші сорттан жасалған нанның бағасы 75-78 теңгеге дейін жетеді. Біздің қазіргі қолданып жатқан нанымыз бірінші сорттан шығатын нан.
Хош, нан қымбаттамайтынын білдік! Қазір елімізде 8,3 млн тонна бидай бар. Оның 690 мың тоннасы азық-түлікке пайдаланылады. Министрдің айтуынша, биыл 2,2 млн тонна астық экспортталады. Астық жеткілікті, сондықтан кәсіпорындарда ешқандай тапшылық жоқ. Бір сөзбен айтқанда, қымбатшылық болмайды!
Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Абдулла Исаев