Қарапайым жұмысшының құқығы заңды түрде қорғалуы тиіс
Ақтөбеде кәсіпорын басшыларымен кездескен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова осы жайлы баса айтты. Облыстағы 11 мыңнан астам кәсіпорында 354 мың жалдамалы жұмысшы еңбек етеді. Оның ішінде 7 кәсіпорынның жұмысшылар алдында жалақы қарызы бар екен. Осы орайда тиісті шаралар қабылдану қажеттігі тапсырылды. Зауытта өткен жиында жұмысшыларды баспанамен қамтамасыз ету, ыңғайлы жұмыс тәртібін орнату, балаларына лагерьге жолдама беру сияқты мәселелер жан-жақты талқыланды.
Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Еңбек дауларын біз күн сайын қарап, тексеріп отырамыз. Кәсіпорын мен жұмысшы арасындағы даулардың 30% жалақы қарызына байланысты туындайды. Екіншісі, еңбек қауіпсіздігіне қатысты мәселелер екен. Осыған байланысты республикалық көрсеткішті төмендетуге қол жеткіздік. Алайда әлемдік стандартқа жеттік деп айта алмаймыз. Жұмыс берушілер инфляцияға байланысты жалақыны өсіріп отырғандары жөн. Соңғы 10 жылда жалақы 2,5 есеге өскен.
Серік Естемесов, кәсіпорын жетекшісі:
- Біз компаниямыздағы жұмысшыларды жылда шипажайға жібереміз және де компанияда ешкімнің банкте қарызы бар деп ойламаймын. Біз банктен кредит алдыртпаймыз. Қазір үйі жоқ екі отбасы бар. Оларға көмек береміз. 3 млн теңге бөлдік. Сол 3 млн теңгені айлығынан шегеріп отырады.