ЕАЭО елдерінің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімін өкінішпен қабылдады
Бұл туралы Елбасымен Ресей Президенті Владимир Путин телефонмен сөйлесу кезінде айтты.
Сондай-ақ Ақордаға Шавкат Мирзиёев те хабарласты. Өзбекстан басшысы қазақстандық көшбасшыны: «Ұлы саясаткер әрі Президент», – деп атады. Тек осындай ірі тұлға ғана мұндай шешім қабылдайтынын айтты.
Сондай-ақ Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков Елбасы екі ел арасындағы бауырмалдық қарым-қатынастың нығаюына зор үлес қосқанын ерекше айтты. Беларусь Президенті Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевпен және екі ел арасындағы ұзақ жылдар бойғы достықты ерекше бағалайтынын атап өтті.
Армения Премьер-Министрі де Қазақстанмен өзара ынтымақтастықтың табысты дамып келетінін және одан әрі де жалғасатынын айтты.
Биыл Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның Президенті болып сайланғанына 30 жыл. Осы уақытта еліміздің экономикасы мен әлеуметтік жағдайы мықты, әлемге танымал, жастары білімді де кәсіби мамандарға айналған, дамыған 30 елдің қатарына ену үшін маңызды бағдарламалар қабылданып, орындалды.
Тұңғыш Президент ел дамуының алғашқы жылдары халыққа арнаған өз Жолдаулары мен мәлімдемелерінде алдымен экономика, сосын саясат қағидасын ұстануды ұсынды. Осы міндеттер жүзеге асырылып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына басымдық беріліп отыр.
Қазіргі Қазақстанның беделі – тікелей Елбасы қабылдаған шешімдердің дұрыс та көреген болғанының дәлелі. Тұңғыш Президенттің сарабдал саясатының арқасында еліміз осы бастамалардың жемісін көріп отыр. Бұл туралы Елбасы өз мәлімдемесінде баса айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті:
- Еліміздің алдында ауқымды міндеттер тұр. Жетістікке жететінімізге сенемін. Мен Қазақстанның болашағын қалай елестетемін? Болашақ қазақстандықтар білімді, үш тілде сөйлейтін, еркін адамдардың қоғамын қалыптастыратынына нық сенімдімін. Олар – әлемнің азаматтары. Олар дүниені шарлайды. Олар жаңа білім алуға құштар. Олар – еңбексүйгіш. Олар – өз елінің патриоттары. Қазақстан 2050 жылы жалпыға ортақ еңбек қоғамына айналады деп сенемін. Бұл – бәрі де адам игілігі үшін жасалатын, экономикасы мықты мемлекет. Оның білім саласы да, денсаулық сақтау саласы да үздік болады. Онда бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрады. Азаматтары еркін әрі тең құқылы, ал билігі әділетті болмақ. Мұндай елде заң үстемдік етеді. Мен дұрыс жолмен келе жатқанымызға сенімдімін. Бізді тура жолдан ештеңе де тайдыра алмайды. Егер біз күшті болсақ, бәрі де бізбен санасады.