Ұлыстың ұлы күнін «Хабар» телеарнасымен бірге қарсы алыңыздар!
Мәселен, тікелей эфирде өткен «Өнер барысы» спорттық жобасын өткізіп алсаңыздар, қайталауын 23 наурыз күні көре аласыздар. Көрерменге арналған тағы қандай тарту бар?
«Хабар» телеарнасы ұсынады. Иә, алда демалатын 5 күнде арнадан көретін қызық көп. Ұлық тойдың өзін көрермен көтеріңкі көңіл күймен қарай алады. Себебі Ұлыстың ұлы күні «Хабарда» «Таңғы Хабар» бағдарламасымен басталады. Кейін оны эфирде «Ұлы дала Наурызы» атты телемарафон жалғайды.
Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:
- Телемарафон кешкі сағат 8-ге дейін тікелей эфирде өтеді. Бұл жерде біз еліміздің барлық өңірлерінде, қиыр-қиырында Наурыз қалай тойланып жатқандығын тікелей эфирде көрерменнің көзімен, біздің тілшілеріміздің көзімен көрсетеміз. Әр елдің өз салт-дәстүрі бар. Сондықтан біз Наурызды осылайша, тек қана мемлекеттік мереке, тек қана бір отбасылық мереке емес, жалпыұлттық мереке ретінде көрсеткіміз келеді.
Жалпыұлттық мереке ретінде «Хабар» арнасы «Қазақконцерт» бірлестігімен «Ұлыстың ұлы күні» атты концертін ұсынады. Ескерерлік бір жайт, «Хабар» Агенттігі Мәдениет және спорт министрлігімен бірге Наурыз мейрамын жаңа форматты тойлау бастамасын көтерді. Яғни, Ұлыстың ұлы күні қайырымды істер жасауға шақырады. Танымал өнерпаздар сіздерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтындығына күмән келтірмеңіз. Бұған қоса, «Наурыз шашу» концерті де мерекелік демалысыңызды сәтті өткізуге сеп болмақ. Себебі құлақтан кіріп бойды алатын әсем ән мен тәтті күй нақ осы концерттен төгілмек.
Бұған қоса БАҚ өкілдерінің өзіндік «Оскар» сыйлығын табыстау салтанаты да біздің арнадан көрсетілмек.
Айкүміс Сексенбаева, «Хабар» телеарнасының бағдарламалар директоры:
- Біз «Тұмар» байқауының телевизиялық нұсқасын көрсетуді жоспарлап отырмыз. Осымен үшінші жыл қатарынан шараның серіктесі болып отырмыз. Телевизия саласындағы айтулы оқиғаны наурыздың 25-і күні арнамыздан сағат 21:30-да тамашалаңыздар.
Сұлу да сымбатты, инабатты, ұлтымыздың дәстүрін ұлықтаған қазіргі заман бұрымдыларының жарысы да арнамыздан көрсетілмек. Дәлірек айтқанда, «Қазақ аруы 2019» байқауы. Бұл жолы жобада бақ сынасқан қыздардың көркіне тамсанғыңыз келсе, «Хабар» арнасын қосуды ұмытпаңыз.
Ал біліміңізді тексеріп, ой өрісіңізді кеңейткіңіз келсе «Миллион кімге бұйырады?» жобасының жаңа маусымы сіздер үшін көрсетіледі. Көк туды халықаралық ареналарда желбіретіп жүрген шаршы алаң шеберлеріміз осынау ұлық мерекеде қазақстандықтарға екі есе қуаныш сыйламақ. Жас боксшыларымыз Алматыда қолғап түйістіреді. Оны наурыздың 24-і күні кешкі сағат 22:00-де тікелей эфирден жіберіп алмаңыздар.
Авторлары: Риат Шони, Бекболат Базаров