Демократиялық күштердің коалициясы халыққа үндеуін жариялады
Тәуелсіздігін алған аз уақытта бағыт-бағдарын айқындап, іргесін бекемдеген мемлекет шартарапты аузына қаратып, үлкен мінберлерден сөз алды. Арқа төсіне астанасын салып, атағы алысқа кетті. Сәні мен салтанаты келісті елорда – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қажыр-қайраты, көрегендігі мен өршілдігінің жемісі.
Сол себепті Президент бастап, халқы қолдап елорданы Нұр-Сұлтан деп атады. Осыған орай «Қазақстан-2050» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясы халыққа арналған үндеуін жария етті. Елдегі ірі саяси ұйымның өкілдері елорданың Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталғанына риза.
«Қазақстан-2050» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясы – 6,5 млн қазақстандықтың басын біріктіретін қозғалыс. Ұйымға елімізде тіркелген барлық саяси партия кіреді. Сондықтан коалицияның ендігі кез келген шешімін сол 6,5 млн саяси белсенді азаматтың пікірі деп білген жөн. Коалицияның күн тәртібіне қоғамда қызу талқыланып жатқан елордаға Елбасының есімін беру бастамасы шығарылды.
Мәулен Әшімбаев, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:
- Қазақстан халқы үшін Елбасының есімі «мемлекеттілік», «егемендік», «тәуелсіздік» деген сөздермен бір қатарда тұрады. Қазірдің өзінде Тұңғыш Президентіміздің есімі тәуелсіз еліміздің негізін қалаушы, барлық реформаның авторы ретінде тарихымызда алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз.
Бас қаланың атауын өзгертуін қарап отырсаң, әрқайсысы бір тарихи белес. Ақмолада тыңға түрен салған кезде Целиноград болып, кейін қайта Ақмолаға айналды. Жаңа астана құрғанда авторының өзі Нұрсұлтан Назарбаев Астана деп айдар тақты. «Тарихтың келесі кезеңіне елорда енді Нұр-Сұлтан болып қадам басуы тиіс», – дейді саясаткерлер.
Әли Бектаев, «Ауыл» партиясының төрағасы, Сенат депутаты:
- Нұр-Сұлтан десе, Қазақстан дейді. Қазақстан десе, Нұр-Сұлтан дейді. Болашақта Елбасының атымен аталған қалаға инвесторлар да, әлемдегі барлық мемлекет басшылары да осы қалаға, осы астанаға, осы мемлекетке инвестиция салуға, экономиканы бірлесіп көтеруге, әлемдегі бүкіл дағдарысты бірлесіп жеңуге әрекет жасайтынына ешқандай күмән жоқ деп есептеймін.
Ақжолдықтар Арқадағы елдің өзге тілде сөйлеп, қазағы селдір болған кездерді еске алды. Қалаға ту тігіп, қазақыландыру да Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің арқасында іске асқаны анық.
Қазыбек Иса, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары:
- Егер астана осы елордаға ауыспағанда шетелдің тілінде сөйлейтін қала ретінде қала беретін еді. Тәуелсіз қазақ елінің Үкіметі де, Парламенті де Елбасының тапсырмасымен сөйлей бастаған астана болмас еді. Бұл жолда Елбасының еңбегі ересен. «Ақ жол» партиясы қолдайды.
Астанаға Елбасының есімін беру бастамасын көпшілік бұған дейін де бірнеше рет естіді. Ел болып талқылады, өзгертуге әрекет те жасалды. Бірақ соңғы сәтте Елбасының өзі тыйып тастап отырды. «Ал енді уақыты келді», – дейді «Бірлік» партиясының төрағасы.
Серік Сұлтанғали, «Бірлік» партиясының төрағасы:
- Жаңа келген Президенттің бірінші Жарлығы осы қаланың атын «Нұр-Сұлтан» деп атау керектігі туралы. Депуттар, өзіміздің қоғам көбінесе 80% астамы мақұлдап жатыр. Себебі жақсылыққа тез үйреніп кетеді адам баласы. Сіздер, жастар білмейсіздер, білмей-ақ та қойыңыздар қандай қиын болғанын. Міне сол кісінің арқасында бүкіл дүниеге мақтанатындай Қазақстанымызда тұрып жатырмыз.
Бизнес өкілдері де тарихи шешімді қолдайды. Себебі әуелі экономика, сосын саясат деп капиталистік қоғам құруға ұмтылған Нұрсұлтан Назарбаев іскерлерге өмірлік жолдама берген еді. 30 жылда кәсіпкерлердің саны 1,5 млн-нан асты.
Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы:
- 1998 жылы 5 айдай айлық болмаған кез болды. Жоспарлы экономика құлады. Жаңа экономика аяққа тұрған жоқ. Оңтүстіктегілер Өзбекстаннан газ ала алмай, көпқабатты үйде тұратындар далада тамақ пісіріп ішті. Бірақ бәріміз сендік. Елбасы жол көрсетіп отырды. Сондықтан осының бәрін ұмытпауымыз керек. Бірлікпен алға жылжиық. Біз барлық шешімді қолдаймыз.
Жалпыұлттық коалиция өкілдері Президенттің шешімін қолдайды. Ендігі жерде істің ілгері, жұмыстың жемісті болуы үшін тәуелсіздік алған тарихи сәттегі бірлігі керек елдің. Коалиция Қазақстан халқына үндеуін жариялады.
Авторы: Азамат Алдоңғаров