Тарбағатай тауындағы жан-жануарлар әлеміне алғаш рет ресми санақ жүргізілді
Болат Көкенайұлы, тілші:
- Арқарлар жайылымына жету оңай деп кім айтты? Дәл қазір Қарабас тауындағы «Аңшыман» шатқалына келіп жеттік. Бұдан әрі қарай темір тұлпарлар жүретін жол жоқ. Сондықтан да бізді мемлекеттік инспекторлар атпен тосып тұр. Біздің таспагеріміз де атқа қонуға мәжбүр.
Міне, құзар шыңның басына шығып алған қырағы операторымыз Медет Өмірхановтың бейнекамерасы арқарлардың алғашқы тобын рәсімге тартып үлгерді. Әншейінде тықыр еткен дыбысты алыстан сезетін жануарлар қатты үрке қоймапты.
Болат Көкенайұлы, тілші:
- Теңіз деңгейінен бір жарым мың метр биіктіктегі Қарабас тауы Тарбағатайдан сәл төменірек орналасқан. Әдетте арқарлар мұнда қазан айында қоныс тебеді. Осында қыстап, көктемде төлдеп, қайтадан Тарбағатайға көшеді. Ұлттық парк ашылғалы бері Қызыл кітапқа енген жануарлар өздерін емін-еркін сезіне бастаған.
Әлібек Тоқымтаев, «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық паркінің директоры:
- Дрон ұшырып, сонымен жоғарыдан қарап бақылаймыз және басқа да методикамен анықтап, санақтың қорытындысы бойынша осы 8 мың гектар жердің аумағында 500-600 арқар шығады деп ойлап отырмыз.
Облыс орталығынан 700 шақырымдай жерде орналасқан бұл өлкенің бұғып жатқан құпия сыры көп. Таңбалы тастар, қар адамы туралы аңыздар соның бір шеті ғана.
Жаңылхан Әлімсейітова, «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық паркінің бөлім жетекшісі:
- Қарт кісілердің деректерін жинақтау арқылы «қар барысы осы жерде мекен еткен екен» деген тұжырымды бізге айтып отыр. Негізгі басты жұмысымыз – өзіміздің байлығымызды сақтау және сан өсімі болса, соны білу, сиреп бара жатқандарды жойылып кетуге жол бермеу.
9 бағытта жүргізілген санаққа ұлттық парктің 100-ге тарта маманы қатысып, 105 шақырым жол жүріп өткен. Арқар, аю, сілеусіннен өзге де жан-жануар мен құстар тіркеуге алынды. Бұл кешенді жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов