Әлемдік экономиканың өсімі төмендеп келеді
Алдымен тауарымыз сапалы, екіншіден көрсетілетін қызметтеріміз бәсекеге қабілетті болсын. Премьер-Министр Асқар Мамин Үкіметке осыны тапсырды. Жалпы қазақстандық экспорттың басына қара бұлт үйіріліп тұрған жоқ. Жалпы ішкі өнімнің де, экспорттың көрсеткіші де тұрақты өсіп келеді. Әр салаға жауапты министрлер экспортты арттырып, табысты көбейту үшін қайтпек керектігін «жіліктеп» түсіндірді.
Айбар Төлжанұлы, тілші:
- Үкімет отырысында «ә» дегеннен жалпы ішкі өнімнің көрсеткіші айтылды. Қаңтар-наурыз айларындағы жалпы ішкі өнім 3,8% өсті. Әсіресе құрылыс, сауда, тау-кен өнеркәсібі мен көлік саласында өсім жоғары. Жалпы ішкі өнімнің 40% экспортқа тиесілі екенін білдік. Бізден шетелге құбырлар, металл конструкциялары, илемдер, қорытпалар, металдар тасымалданады. Одан кейін уран мен мұнай өнімдері. Қазір Қазақстан бас-аяғы 120 елге 800 тауар түрін шығаруда. Қарқын жаман емес.
Мысалы былтыр отандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің экспорты 68,3 млрд АҚШ долларына жеткен. Енді бұдан да жоғары көрсеткішке жетуіміз керек.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Қазіргі таңда әлемдік экономиканың өсу қарқыны төмендеуде. Халықаралық сарапшылар мен даму институттарының болжамдары бойынша оның өсу қарқыны 2018 жылы 3,6%, ағымдағы жылы 3,3% дейін төмендейді. Осындай жағдайда экономиканың инклюзивті және сапалы дамуын қамтамасыз ету аса маңызды міндет. Барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдар экономиканың өсуіне тиісті шараларды ұйымдастыру керек.
Айбар Төлжанұлы, тілші:
- Былтыр шикізаттық емес экспорт көлемі 23 млрд долларға жетті. Енді Үкіметтің алдында 2022 жылға қарай 32 млрд долларға дейін жеткізу міндеті тұр. Ол үшін әрине, отандық тауардың сапасын арттырып, көрсетілетін қызметті бәсекеге қабілетті ету керек. Осы мақсатта Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы құрылды. Енді бизнесті мемлекет тарапынан қаржылай қолдау өндірістен бастап экспортқа дейін бір жерде шоғырланатын болады.
Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Шикізаттық емес тауарлар экспорты және көрсетілетін қызметтер экспорты 23 млрд долларды құрады. 2017 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4,1% өсті. 2018 жылы көрсетілетін қызметтер экспорты оң серпінді көрсетті. Өсу 12,3% құрады.
Айбар Төлжанұлы, тілші:
- Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2021 жылы 2,4 млрд долларға дейін жеткізу жоспарланғанын айтты. Егер Қазақстан 2017 жылы өңделген өнімді 42 елге экспорттаса, былтыр 48 елге тасымалдады.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1125 доллар сомасына 3,5 млн тонна өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды. АӨК өнімдерінің барлық 533 экспорттық тауар тобынан 275 өңделген ауыл шаруышылығы өнімнің түрі экспортталады.
Айбар Төлжанұлы, тілші:
- Отырыс соңында Асқар Мамин Үкіметке қазақстандық өнімдердің өзге елдерде танымал болуын тапсырды. «Сондай-ақ ортақ экспорттық бренд құру керек», – деді. Тағы бір тапсырма: экспортқа шығатын тауарларды халықаралық электронды сауда алаңдары арқылы сатып, елімізде заманауи зертханалық база құру керек.
Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Аян Сәрсенбаев