Мемлекеттік қызмет көрсету туралы заң жобасы мақұлданды
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «2020 жылы мемлекеттік қызметтің 90% электрондық форматта көрсетілуі тиіс», – деп тапсырма бергені мәлім. Депутаттардың бастамасымен әзірленген құжатта 600-ге жуық түзету мен өзгеріс енгізілген.
Халыққа мемлекеттік қызмет түрлері жылдам әрі сапалы көрсетілсе, мамандар ұзынсонар кезектен құтылып, жұртшылық бюрократиядан арылса. Бұл мәселе Елбасының тапсырмасымен, депутаттардың бастамасымен әзірленген мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты жаңа заң жобасында шешімін таппақ. Бұрынғы «Бір терезе» қағидатының орнына енді «Бір өтініш» ережесі енгізілмек.
Майра Айсина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Азаматтың өтінішті тұрғылықты жері бойынша беру міндетті емес. Өз қалауы бойынша Қазақстан аумағындағы кез келген тіркеуші органға бере алады. Яғни бала тууды, қайтыс болуды, некені қию мен бұзуды, асырап алуды, әке болуды тіркеуге байланысты жүзеге асады.
Құжатта зейнетақыны рәсімдеу, жеке кәсіпкерлікті тіркеу жеңілдетілген. Көше атаулары мен үйлердің реттік нөмірлері ауыстырылса да тұрғындар сабылмайды, автоматты түрде өзгертілмек. Өзге де 27 қызметті проактивті тәсілге көшу көзделген. Алайда өркениеттің қарқынына ілесе алмай қалған салалар жоқ емес.
Иван Клименко, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заңда көліктерді тіркеу уақытын қысқартып, жүргізуші куәлігін алу рәсімін жеңілдету қарастырылған ба? Осыған қатысты халықтың шағымы көп.
Әлібек Кеңесбаев, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:
- Бұрын көлікті тіркеуге 90 минут уақыт кететін, қазір интернет арқылы жарты сағатта тіркей алады. Ал жүргізуші куәлігін алуға қатысты талаптарды жеңілдетуді ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп шешу қажет.
Олжас Әбішев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
- Былтыр жыл соңында психиатр, наркологтың анықтамаларын бірден халыққа қызмет көрсету орталығынан алуға мүмкіндік жасалды. Медициналық жазбалардың бірыңғай қоймасы құрылды.
Алайда бұл жауаптар депутаттарды қанағаттандырмады. Жүргізуші куәлігін алу үшін 8 дәрігердің алдынан өтіп, 7 зертханалық талдау тапсыру қажет. Мұны жеңілдетпесе болмайды, бірақ депутаттар: «10 жылдан кейін көлік тізгіндеу куәлігін алу үшін қайта арнайы комиссиядан өтуді барлығына міндетті қылу қажет», – деді. Құжатта өзгеріс көп. Алайда технология заманында интернет түгілі ұялы байланысқа қолы жетпей отырған ауылдықтардың жайы не болмақ?
Марат Бопазов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заң жобасында ұялы байланыс арқылы қызметтер көрсету жаңа тәсілдері енгізілді. Бұл – мүгедектігіне, асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы, әлеуметтік төлемдерді тағайындау және т.б.
Абылайхан Оспанов, ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары:
- Арнайы жоба әзірленуде. Ауылды мекендерді қолжетімді интернетке ұялы байланыспен қамту үшін 2021 жылға дейін іске қосылады.
Айта кетейік, осы жолғы 3 жылдық бюджетте мемлекеттік қызмет көрсететін ақпараттық жүйелерді жетілдіруге 170 млрд теңге қарастырылған. Қыруар қаржы бөлінгенімен, олардың кейбірін іске қосу бірнеше рет шегерілгені мәлім. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын еске салып, интеграцияны жылдамдатуды міндеттеді.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Қазақстандағы әрбір азаматтың өміріндегі барлық қажеттілігі мемлекеттік қызмет көрсету бойынша реттеледі, сондықтан да мемлекеттік қызмет көрсету әрқашан да заман талабына сай жаңарып отыру керек, сонымен қатар қолжетімді және сапасы жоғары деңгейде болуы тиіс.
Қазір елімізде барлық мемлекеттік органдардағы ақпараттық жүйелерді интеграциялауды бір айда орындайтын арнайы жоба қолға алынған.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Қазір елімізде 742 мемлекеттік қызмет түрі бар. Оның 543-і электрондық форматта көрсетіліп отыр. Бірақ технологияның техникаға тәуелді екені мәлім. Былтыр ақпараттық жүйелерде 1600 сағаттан астам іркіліс болған. Яғни орта есеппен күніне 6 сағат жұмыс істемей тұрған. Депутаттар осы ретте саланы жүйелеуді тапсырды.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Марат Диқанбаев