Жолаушылар ұшағы қонғанда асфальт опырылып кетті
Жолаушылар ұшағы келіп қонғанда асфальтты бетон төсеніш опырылып кеткен. Мамандардың айтуынша, әуежайдың ұшып-қону алаңы әбден тозған. Ал нақты себебін арнайы комиссия анықтамақ. Қазір ұшып-қону жолағының бір бөлігінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алдымен Нұр-Сұлтан қаласынан Қостанай әуежайына келіп қонған жолаушылар ұшағы тұраққа бет алған сәтінде асфальт төсенішінің шеті опырылып, ойыққа бір жақ доңғалағы түсіп кеткен. Кешке таман оған көмекке келген екінші ұшақ та соның кебін киді.
Руслан Орынбеков, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:
- Тиісті мамандардың бірлесіп атқару жұмыстарының арқасында ешқандай төтенше жағдайға жол берілген жоқ. Құтқару жұмыстары кешкі сағат 22:00-ге дейін жалғасып, бәрі сәтті аяқталып, екі ұшақ та өз бағыттары бойынша тиісті жолаушылармен бірге ұшып кеткен болатын.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Қостанай әуежайының ұшып-қону алаңы 30 жылдан бері жөндеу көрмеген. Сондықтан асфальтты бетон төсенішінің әбден тозығы жеткен. Тек коммуналдық меншікке өткеннен кейін ғана былтыр 144 мың шаршы метр аумаққа жөндеу жұмыстары басталды.
Бұл нысан халықаралық әуежай саналғанымен, ұшып-қону жолағының қысқалығынан заманауи әуе кемелерін қабылдау мүмкін емес еді. Енді оны жоба бойынша 2500-3000 метрге дейін ұзарту көзделіп отыр.
Анатолий Семаев, Қостанай халықаралық әуежайы директорының орынбасары:
- Жаңғыртылған ұшып-қону жолағы түріне, салмағына қарамай, ірі деген ұшақтарды шектеусіз қабылдайды. Яғни Қостанай әуежайы шынымен халықаралық дәрежедегі әуе қақпасына айналатын күн де алыс емес.
Әуежай алаңдарын қалпына келтіру жұмыстары жоба бойынша алдағы қараша айында аяқталуы тиіс. Ал ұшып-қонатын жолақ қыркүйек айында іске қосылады.
Михаил Бабхоев, мердігер:
- Ұшақ жолының құрылысына ең соңғы үлгідегі геосинтетикалық, полимерлі материалдар қолданылады. Бұл оның беріктігін, төзімділігін қамтамасыз етеді. Жұмыс сапасына 5 жылға кепілдік береміз.
Алдағы маусым айынан Қостанай әуежайы қайта жаңғырту жұмыстарына кемінде үш айға жабылады. Бірақ АН-24 сияқты шағын ұшақтарды қабылдау үшін қосымша жолақ қалдырылады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг