Инвестиция тарту үшін елімізде Үйлестіру кеңесі құрылды
Бұл біз секілді экономикасы дамушы мемлекеттер үшін сын. Ел ертеңін ойлағандар инвестиция тарту үшін білек сыбана кірісіп кетті. Қазақстан Үкіметі де енді жаңа жүйе бойынша жұмыс істемек. Инвестиция тарту үшін барлық тетікті қарастыруда. Нақты қандай өзгерістер болып жатыр?
Айбар Төлжанұлы, тілші:
- Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов 2017 жылы жаһандық тікелей инвестициялар көлемі біршама төмендеп кеткенін айтты.
Осылайша экономикасы дамушы мемлекеттер арасында инвестиция үшін бәсеке күшейді. Әу бастан инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасап келе жатқан Қазақстан Үкіметіне енді не істемек керек? Әлихан Смайылов: «Жаңа тиімді тетіктерді құрып, инфрақұрылымды мұқият қайта қарау қажет», – деді. Өйткені қазір мемлекеттік органдар мен ұйымдардың арасындағы жұмыс үйлеспеген, инвестициялық климатты қалыптастырумен министрліктер, ұлттық компаниялар, әкімдіктер айналысады. Бірақ олардың арасында байланыс жоқ. «Астана» халықаралық қаржы орталығында жасалған құралдар пайдаға аспайды. Осы проблемаларды шешу үшін «Қазақстан Республикасына шетелдік инвестициялар тарту жөніндегі шараларды күшейту туралы» қаулы қабылданды. Әлихан Смайылов: «Осы қаулыдан кейін инвестиция тарту ісі біршама жақсарады», – деп отыр.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі:
- Қазақстанда жалпы инвестициялар ағынының өсуіне қарамастан, таза инвестициялар көлемі 2016 жылғы 8,5 млрд доллармен салыстырғанда өткен жылы 3,8 млрд долларды құрап, екі еседен көп құлдырады. Сондай-ақ өкінішке қарай, біздің экономикамыздың шикізаттық емес секторларына тікелей шетелдік инвестициялар олардың жалпы көлемінің үштен бір бөлігін ғана құрайтынын атап өту керек. Сондықтан бізге сапалы инвестициялар тарту үшін жаңа тиімді тетіктер құру аса маңызды.
Айбар Төлжанұлы, тілші:
- Енді Премьер-Министрдің төрағалығымен инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесі құрылды. Оған стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыратын өкілеттіктер бекітіледі. Бұл инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру үшін қажетті шешімдерді тез қабылдауға мүмкіндік береді. Инвестициялар жөніндегі Омбудсмен – елдің Премьер-Министрі Асқар Мамин. Ал «Астана» халықаралық қаржы орталығы инвестицияларды тарту және Қазақстанның инвестициялық имиджін ілгерілететін бірыңғай орталық ретінде айқындалды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Елбасы экономиканы тұрақты дамыту бойынша міндет қойды. Осы міндетті іске асыру үшін орта мерзімді кезеңде негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін ЖІӨ 30% дейін арттыру керек. Осы ретте шетелдік инвестициялар ел дамуының негізгі драйвері болып табылады. Шетелдік инвестиция тарту экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, әлеуметтік мәселелерді шешуге негіз жасайды. Міндет пен тапсырмалар айқындалды. Енді осы бағытта қарқынды түрде жұмыс ұйымдастыру керек.
Айбар Төлжанұлы, тілші:
- Орталық Азияны айтпағанның өзінде, қазір көршілес мемлекеттер арасында бәсеке күшейген. Сондықтан Премьер-Министр төрағалық ететін Үйлестіру кеңесі дәл қазір керек-ақ. «Астана» қаржы орталығына инвестициялық имиджді көтеру жұмыстарына қосымша қаражаттың қажеті жоқ. Инвестция тарту үшін әкімдерден бастап Премьер-Министрге дейін жұдырық болып жұмылып жатыр. Өйткені инвестицияның артында халық қамы, Сіз бен біздің әлеуметтік жағдайымыз, еліміздің экономикасы жатыр.
Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Серік Қоңырбаев