Nur Otan партиясы қолға алған әлеуметтік жобалар нәтижесін беріп жатыр
Жоба қолға алынғалы бері тек ШҚО-да бірнеше отбасына нақты көмек көрестілді. Мүгедек бала бағып отырған өскемендік Гүлзира Байсалбаеваға пәтер берілді. Ал жеке шаруашылықпен шұғылданғысы келетін 12 баласы бар бір отбасына мал сатып алуға кәсіпкерлер жұмылдырылды. Партия белсенділері мұндай игі істі болашақта да жалғастыра бермек.
Гүлзира Байсалбаева кемтар қызына сапалы медициналық көмек болмаған соң Тарбағтайдан Өскеменге көшуге мәжбүр болған. Алайда қалаға келгенде басты мәселе баспана болды. 7 жыл түрлі саяжайларда үй жалдайды. Осы аралықта кемтар қызын жетелеп, қақпаған есігі қалмаған. Кейуананың жағдайынан толық хабардар Nur Otan партиясы баспана мәселсін шешуге ықпал етеді. Осылайша биыл наурыз айында Өскемен қаласының әкімдігі бір бөлмелі пәтер береді.
Гүлзира Байсалбаева, қала тұрғыны:
- Осы үйді берді. Ішін кірсе шыққысыз қылып жөндеп берді. Елбасымыздың тапсырмасын бұлжытпай орындап жатыр. Біз сияқты мүгедек баласы барларға үй беріп жатқанына дән ризамыз.
Қаладағы кәсіпкерлер де біртіндеп көмектесіп жатыр. Үйді жөндеуге құрылыс материалдарын және тұрмыстық техника алып берген. Әлеуеті әлжуаз отбасы қазір пәтер кезегінде тұр. Басыбайлы баспаналы болғанша осы үйде тұрады.
Ал Черкашиндер отбасы ешкімнен қол жайып көмек сұраған емес. 12 баланы бүгінге дейін өздері асырап келеді. Отағасы әр түрлі жұмыс істейді. Қорасында аздаған малы бар. Жақында көпбалалы отбасына көмек ретінде Nur Otan партиясының ұйытқы болуымен бір шаруашылық қолдау көрсетті.
Евгения Черкашина, көпбалалы ана:
- Бұл – біз үшін үлкен серпіліс. Тіпті ынталандырып қана қоймай, шағын отбасылық шаруашылықпен шұғылдануда көмек болды. Бұл әлеуметтік жағдайды оңалтуға әсер етеді.
Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдауына соңғы 3-4 айда 3 мыңнан астам адам келген. Олардың 500-ге жуығының мәселесі оң шешімін тапты. Әлеуметтік салаға қатысты жұмыстар енді «Халыққа көмек» жобасы бойынша жалағасады.
Жансая Қаныбекова, Nur Otan партиясы ШҚОФ қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі:
- Азамататар түрлі сұрақтармен келеді. Кейбір отбасыларға отынмен көмектесіп жатсақ, кейбіріне азық-түлікпен жәрдемдесеміз. Кейде мемлекеттік мекемелрге құқықтарын қорғауға көмектесеміз. Осы жерде құқықтық кеңес береміз.
«Халыққа көмек» жобасы әрбір аудан, қалада іске асады. Ол үшін барлық құзырлы орган өкілдері Nur Otan құрған мобильді топпен бірге кез келген сала бойынша тұрғындардың мәселесіне құлақ асып, шешу жолдарын қарастырады.
Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов