Өскемен қаласында қоғамдық көліктер тапшы
Кей бағыттағы автобустарды жолаушылар 40-45 минутқа дейін күтуге мәжбүр. Ал шаһардағы автопарктің жұмысын қадағалауға жауапты мекеме қызметкерлері мұны қоғамдық көлік жүргізушілерінің жетіспеушілігімен байланыстырады. Тасымал саласындағы мәселенің шешімі жаз айларында анықталмақ.
Өскеменде 42-ші бағыттағы автобустың жағдайын бүкіл қала халқы біледі. Теміржол вокзалынан бастап бірнеше шағынаудан мен саяжайларды аралап, шаһар шетіндегі әскери қалашыққа дейін қатынайды. Сондықтан автобус қозғалғанда, жолаушылар лық толады.
Кесте бойынша 42-ші бағыттағы автобустың жүру жиілігі әр 10 минут сайын деп көрсетілген. Алайда жолаушылар 35-40 минутқа дейін күтеді.
Соңғы 5 жылда қаланың аумағы 50 гектарға дейін кеңіді. Нәтижесінде бірінші аялдамадан соңғысына дейін 10 шақырымдай болады. Ал республика бойынша орташа көрсеткіш 4-6 шақырымды құрайды. Жаңадан салынған аудандарда инфрақұрылым мәселесі де толық шешілмей келеді.
Қала шетіндегі шағынаудандардан мыңдаған отбасы жер телімін алып, жеке баспана салған. Енді осындағы тұрғындардың ең негізгі мәселесі – жол, су және қоғамдық көліктердің жүруі. Әсіресе жаңбырлы күндері жол батпаққа айналады. Қала бойынша күнделікті жолаушыларды 308 үлкен және 178 шағын автобус тасымалдайды. Ал №42 бағыттағы 11 автобус шығуы тиіс. Бірақ олардың көбісі ескі болғандықтан, толық қатынамайды.
Ольга Графкина, қалалық жолаушыларды басқару орталығының директоры міндетін атқарушы:
- 42-ші автобусқа қызмет көрсететін автопарк басшылығы автобуспен толық қамти алмай отыр. Басты себебі – автобус жүргізушілерінің жетіспеушілігі. Сондықтан бұл мәселе жаңадан конкурс өткен соң ғана шешіледі.
Қалада қазір 12 автопарк бар. Көбінде автобус жүргізушісі жетіспейді. Көліктердің бәрі ескірген, сондықтан жүруінен тұруы көп. Қоғамдық көліктер бұдан 5 жыл бұрын жартылай жаңаланған. Келесі конкурс алдағы маусым айында өткізілмек. Сол кезде жаңа автобустар алынады. Ал оған дейін 42-ші бағыттың жолаушыларына шыдай тұруға тура келеді.
Авторлар: Олжас Керейхан, Аслан Төлеп