14 мыңнан астам Қазақстан жастары Қытайда білім алуда
Бүгінде 14 мыңнан астам отандасымыз білім алу үшін Қытайда жүр. Олардың барлығы көрші елдің ірі қалаларында шоғырланған. Қазақстандық студенттер оқуын тәмамдаған соң елге оралып, еліміздің дамуына өз үлестерін қоспақ.
Шахрат Нұрышев, Қазақстанның Қытайдағы елшісі:
- Қытайлықтардан үйренеріміз мол. Мен 1991 жылдан бері осы елде жұмыс істеп келемін. Осы уақыт аралығында байқағаным: қытайлықтар – еңбекқор. 2021 жылға қарай мұнда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемін 10 000 долларға дейін арттыру міндеті тұр. Қазір бұл көрсеткіш 9600 долларға жетеді. Осыдан-ақ бұл елдің азаматтарының еңбекқорлығын аңғаруға болады.
Студенттер оқудың оңай емес, ұстаздардың қатал екенін айтады. Ел сеніп жібергеннен кейін үмітті ақтауға бар күш-жігерімізді саламыз дейді. Жалпы Қытайда білім алып жүрген студентердің өз қауымдастығы бар. Жыл сайын құрылтай өткізіліп, ұлттық мерекелер тойланады екен. Енді студенттер шетелде оқуын тәмамдағаннан кейін Қазақстанға оралып, ел игілігі үшін тер төгеді. Себебі олар – егеменді елдің, Қазақстанның болашағы.