«Ақ жол» партиясының кезектен тыс XV съезі өтті
Партияда өз-өзін ұсынған 6 адам бар екен. Қызу пікірталас және көпшілік дауыс нәтижесінде саяси науқанға Дания Еспаева қатысады деген шешім қабылданды.
«Ақ жол» партиясының кезектен тыс съезіне еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық делегат жиналды. Бұл – өңірдегі 17 филиалдың өкілдері. Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Біріншісі – саяси науқанға қатысу. Делегаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдап дауыс берді. Келесі ретте сайлауалды бағдарламасының жобасы талқыланды. Басты сұрақ – үміткерді нақтылау.
Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
- Құрметті пратияластар, 13 сәуірде өткен жиын бірыңғай кандидатты анықтай алмағаны баршамызға мәлім. Партияның бірқатар үміткері бәйгеге түсіп, өз кандидатураларын ұсынып жатыр. Құрылтай ортақ шешімге келуі қажет. Президиумның ұсынысы – үміткерлерді тыңдап, талқылауды өткізу.
Осылайша «Ақ жол» партиясынан президенттікке үміткер 6 адам бар болып шықты. Бәрі де өзін-өзі ұсынған. Олар кезекпен сөз сөйлеп, делегаттар алдында өздерінің лайықты үміткер екенін дәлелдеуге тырысты. Сұрақ-жауап та болды. Дені қаржы, денсаулық, елдегі әлеуметтік жағдай, құрылыс, зейнетақы жүйесі мен ауылдардың тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелерді көтерді. Талқылау біткен соң жасырын дауыс беру өткізілді. Мақсат – өз ішінен Президенттік сайлауға ұсынатын бір үміткерді анықтап алу.
Барлық делегат өзі қалаған үміткерге дауыс берді. Қорытындысы келесідей.
Дания Еспаева 1961 жылы Ақтөбе өңірінде дүниеге келген. Мамандығы – экономист. Банк саласында біраз жыл қызмет етіпті. 2016 жылдан бері Парламент Мәжілісінің депутаты. Енді «Ақ жол» партиясының атынан Президенттік сайлауға үміткерлікке ұсынылып отыр.
Дания Еспаева, «Ақ жол» демократиялық партиясының Қазақстан Президенттігіне ұсынған үміткері:
- Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова маған жерлес әрі рулас. Сондықтан мен қазіргі бейбітшілік уақытта Қазақстанның болашағы жарқын болуы үшін мен, Дания Мәдиқызы не істей аламын деп ойладым. Солайша Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер ретінде өзімнің ұсынысымды бердім. Мені қолдасаңыздар. Ал Қазақстанның болашағына мен сенемін.
Айта кету керек, «Ақ жол» партиясынан Президент үміткерлігіне әйел адамның ұсынылуы бірінші рет. Жалпы бұл – Қазақстанның сайлау тарихында болмаған жағдай.
Авторлары: Гүлғайым Ербол, Ердәулет Байдуллаев, Айбын Құсанбеков