Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы Президенттік сайлауға өз кандидатын ұсынды
Осылайша кәсіподақтардың рөлін күшейтуді көздеп отыр. Амангелді Таспихов алдағы науқанға үміткер ретінде қатысады. Негізі Атқару комитеті бұған дейін Амангелді Таспиховпен бірге Мұхтар Тінікеевтің де кандидатурасын қарастырған еді. Алайда ол мемлекеттік тілді жетік білмегендіктен, сайлауға түсуден өз еркімен бас тартты.
Амангелді Сатыбалдыұлы 1959 жылы БҚО-да дүниеге келген. Еңбек жолын инженер-технологтан бастаған ол бірқатар басшылық лауазымда қызмет атқарды. Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаты да болды. Ал биылдан бастап БҚО аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.
Федерация Елбасының ел алдына қойған басты міндеттерін іске асыруға атсалыспақ. «2050 жылға дейінгі даму стратегиясында қамтылған шаралардың іс жүзінде орындалуына бар күш-жігерімізді саламыз», – деп отыр.
Бақытжан Әбдірайым, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:
- Ең ірі ұйым ретінде өзіміздің атымыздан ең үлкен Қазақстандағы лауазымдық қызметке өзіміздің кандидатымызды ұсынып отырмыз. Бұл – біздің жаңа белеске, жаңа сатыға шыққанның айғағы.