Ақтөбеде аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері оқып жатыр
Қазір елімізде Президент сайлауына қызу дайындық жүруде. 20 мамырға дейін Ақтөбе облысы бойынша 529 азамат заңнамаға сәйкес біліктілігін арттыруы керек. Бұл 9 маусымға белгіленген саяси науқанның әділ әрі шынайы өтуі үшін маңызды.
Дәріс кестесіне сәйкес тақырып: мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлауға қатысуына жағдай жасау. Яғни учаскелерге арбаға таңылған азаматтардың кедергісіз жетуі, есту және көруі нашар жандардың тиісті деңгейде ақпараттандырылуы жөнінде мағлұмат берілді.
Облыстық сайлау комиссиясы өкілдері жеңін түріп, қауырт жұмысқа кіріскен. Қазір өңірде 529 сайлау учаскесі бар. Өткен жылы жергілікті әкімдік жаңадан 18-ін құрған. Ендігі міндет – кәмелетке толған әрбір азаматтың қолайлы жағдайда таңдау жасауын ұйымдастыру. Айта кету керек, 2015 жылы өткен Президент сайлауына Ақтөбе облысында сайлаушылардың 96,6% қатысқан болатын.
Гүлнәр Күнбаева, облыстық сайлау комиссиясының төрайымы:
- Сайлауларда ауылдық жерлер, аудандағы адамдар белсенді қатысады. Түске дейін ауылдық жердегі адамдар сайлауда дауыс беру рәсімін аяқтайды. Ал қаланы алсақ, қаланың адамдары кешкі 20:00-ге дейін сайлау учаскелеріне келе береді.
Халық санының артуы да маңызды рөл ойнайды. Себебі тұрғындардың басым бөлігі облыс орталығында шоғырланған. Бұл – ішкі миграцияның талабы. Яғни Ақтөбе шаһары үлкейіп, жаңадан екі шағынаудан қосылды. 1 сәуірдегі есеп бойынша сайлаушылар тізіміне 567 572 азамат тіркелген. Соңғы төрт ай ішінде 5 мыңға жуық адам қосылыпты.
Шыңғыс Нұржігіт, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі:
- Бұл тізімге енгізу үшін азаматтардың тұрғылықты жері бойынша мекенжай анықтамасын алып, әкімшілікке немесе халықтық кеңсеге жүгіне алады.
Бұл кесте облыстық әкімдіктің интернет бетіндегі парақшасында жаңа қызмет түрін жасауға мүмкіндік берді. Іске қосылған қосымша арқылы кез келген азамат сайлауға қатысты ақпар алуына болады. Жеке сәйкестендіру нөмірін енгізіп, бекітілген сайлау учаскесін анықтайды. Оның нөмірі, мекенжайы және байланыс телефоны да көрсетіледі.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков