Қытай Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдеріне ерекше қызығушылық танытып отыр
Биыл біздің бидайға бөлінген квота 1 млн тоннаға дейін көбейтілмек. Соңғы 3-4 жылда ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға жеткізу бойынша 13 құжатқа қол қойылған. Қазақтан «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында өзінің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік алды. Отандық 180 компанияның көрші елге өз өнімін тасымалдауға рұқсаты бар. Ухань қаласындағы Янцзы өзенінде құрылған порт арқылы «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында болашақта порт мүмкіншілігі кеңейіп, Қазақстан арқылы Орталық Азияға, ары қарай Еуропаға шығу жоспарда бар. Бұл порт былтыр жазда құрылған, 1 жылдың ішінде 2 млн 200 тонна жүк тасымалданыпты.
Се Цзянган, портқа қызмет көрсетуші компания директорының орынбасары:
- Қазір порттың маңына теміржолдар, тауар сақтайтын қоймалар салынып жатыр. Алдағы 3 жылда халықаралық тасымалдармен айналыса бастаймыз. Бұл ретте бізге Қазақстанның серіктес болғаны маңызды. Себебі көршілеріміз арқылы Орталық Азияға, ары қарай Еуропа елдеріне шығу мүмкіндігіне ие боламыз. Теңіз портын пайдалануда Қазақстанның әлеуеті жоғары. Сол себепті біз жақсы серіктес болуға ниеттіміз.
«Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында тағы бір ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Бірнеше қаржы холдингі бірлесіп, Орталық Қытай экономикалық аумағын құрып жатыр.
Игорь Шпырев, Қаржы холдингтері тобының жобалар жөніндегі менеджері:
- Біз түрлі әріптестікке дайынбыз. Бұл орталыққа келген кәсіпкерге барлық қызмет түрін көрсетеміз. Қонақүйден бастап қажетті нысандар бір аумақта болады. Көрмеге өз тауарларын жайғастыру тегін болады. Біз Шанхай биржасына шығуға да көмектесеміз. Қазақстан үшін Қытай тарапынан құжаттарды реттеу жағы әлдеқайда жеңілдей түседі. Біз кез келген кедергілерден өтуге көмектесеміз.
Экономикасы жағынан әлемде 2-орын алатын Қытайда Қазақстанның тауарлары аса сұранысқа ие. Көрші елі қазақстандық ет, сүт, май сынды өнімдерге қызығады. Себебі олар сапалы әрі табиғи.
Шахрат Нұрышев, Қазақстанның Қытайдағы елшісі:
- Қазақстанның былтырғы статистикасы бойынша ауыл шаруашылығы тауарларының сатылымы, жалпы екі жақтың тауар айналымы 426 млн долларды құрады. Қазақстанның ұны, балы, майы, «Рахат» фабрикасының кондитерлік өнімдері Қытайда өте жоғары сұранысқа ие.
Хубэй провинциясының Ухань қаласы 9 жолдың торабында орналасқан. Бұл қала стратегиялық маңызға ие. Алдағы уақытта бұл қалаға Қазақстанда жасалған күнбағыс майлары тасымалданбақ. Қазіргі таңда келіссөздер жүргізіліп қойған. Алғашқы партия 5 контейнер, шамамен 130 тонна күнбағыс майы. Ухань мен Қазақстанның әріптестігі мұнымен шектелмейді.
У Гуанмин, «Ухань Ханьоу» халықаралық логистикалық компаниясының бас директоры:
- Алматы қаласында біздің компанияның өкілдігі жұмыс істейді. Ол арқылы біз Қазақстанмен жақсы қарым-қатынас орнаттық. Алдағы уақытта Ухань қаласында қазақстандық орталық салуды жоспарлап отырмыз. Бұл жерде қазақ жерінен келген ең үздік, сапалы тауарлар жайғастырылады. Кейін барша Қытайға сатамыз деп жоспарлап отырмыз. Біз Қазақстанға логистика жағынан көмектесуге дайынбыз.
Чжан Сяо, Қытайдың Қазақстандағы елшісі:
- Қазақстандық экономикаға қытайлық инвесторлар қажет. Қазіргі таңда біздің инвестициялар көбіне энергетиканы, инфрақұрылымды, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға құйылып жатыр. Осы ретте былтыр нақ осы ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға экспорттау екі ел арасындағы тауар айналымының өсу деңгейін арттырғанын да айта кету керек. Өткен жылы Қазақстан құны 3 млрд доллар болатын ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаған. Оның басым бөлігі Қытаймен жасалған сауда-саттыққа тиесілі.
Қытайда қазақстандық бидай да үлкен сұранысқа ие. Аспанасты елі кезінде Қазақстанның 500 мың тонна дәнді дақылын импорттауға квота бөлген. Биыл оның көлемі 1 млн тоннаға артады деп жоспарланған. Қазіргі уақытта тиісті деңгейде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Енді алдағы уақытта жоғары сапаға ие қазақстандық бидай аспанасты еліне Қытай – Еуропа трансконтинентальды теміржолдарымен жеткізілмек. Осылайша «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысу арқылы Қазақстан өзінің экспорттық әлеуетін одан әрі арттыру мүмкіндігіне ие болды.
Авторлары: Риат Шони, Азамат Сәметов