Жайықтағы балық аулау мәселесі шешімін тапты
Тартым басында балықшылардан өзге инспекторлар, ихтиолог мамандар бірлесіп жұмыс атқарып жатыр. Олар Каспий теңізінен өзенге беттеген балықтың жай-күйін бақылайды.
Гауһар Жүнісова, ихтиолог маман:
- Қазіргі шығып жатқан балықтардың барлығы сау. Ешқандай ауру белгілері байқалмайды. Сонымен қатар балықтардың барлығы уылдырықты.
Табан, жайын, мөңке, сазан балықтары жылдар бойы қалыптасқан дағды бойынша тұқым шашуға тұщы өзенге келеді. Бассейндегі балық қорын сақтау үшін бүгіннен бастап өндірістік коопертивтер балық аулауды тоқтатты. Ендігі мәселе – су маржандарын браконьерлерден қорғау.
Биыл жылдағыға қарағанда бекіре тұқымдастар да өзенге көптеп кіре бастаған. Осы уақыт ішінде кооперативтер облыстағы бекіре шабақтарын өсіретін екі зауытқа 60 дана шоқыр мен бекіре тапсырыпты. Тіпті соңғы 15 жылда мүлде көрінбеген бекіре тұқымдастарға жататын пілмай балығы да шықты. Сөйтіп былтырғы балық қырғынынан көзі қорыққан балықшылар биыл бұл кәсіптен қол үземіз бе деген үрейлерінен арылды.
Сүндетқали Сағатов, кооператив балықшысы:
- Қыстағы балықтардың қырылғанына қарап кәсібіміз үшін алаңдап едік. Бір тартымға бір проз-жарты проздай шығып жатыр. 3-4 тонна, тіпті бес тоннала нәтиже көрсетуде. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Былтырғыға қарағанда жаман емес.
Ереже бойынша Жайық-Қиғаш өзендері мен Каспий теңізінен коопертивтер 14 мың тонна балық аулауы тиіс. Қазір 1000 тоннадан астам су маржаны сүзілді. Ендігі нәсіп күзде теріледі.
Авторлар: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов