Президент ШҚО-ға іссапары барысында бірқатар саланы дамытуды тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев облыс жұртымен жолығып, аймақта тұралап қалған салаларды жіпке тізді. Президент шағын және орта бизнестің әлі де түлемей жатқанын тілге тиек етті. Аймақта жұмыссыз жүрген жандардың қатары көбейген. Сондықтан өңір басшылығы: «Бұл жайтқа жіті мән берілу тиіс», - деді. Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық мәселеге де тоқталды. Ауаның ластануынан Өскеменде өткір ішек ауруларына душар болғандардың саны күрт көбейіпті. Мемлекет басшысы мұның алаңдатарлық жайт екенін мәлімдеді.
Кемеріне келген кенді Алтайдың таулы өлкесін қақ жарып жатқан Ертістің екпіні күшті. Қармағын құлаштай балық қауып, толайым табысты түсті металдан тауып жатқан жұрттың жағдайы жұтаң деуге келмейді. Өңірде өндіріс өркен жайған. Кәсіпорындарда қажырлы еңбек етіп жатқандар көп. Қойнауға біткен кенді игеріп, елге керектіні кәдеге асырып жатыр.
Өнеркәсібі өркендеген өлкенің өткен жылы шығарған өнімі 2 трлн теңгеге жуықтайды. Қала көркейіп, ажарланып келеді. Бұл мекенге шетелдік қаржыгерлер де қызыға бастады. Айталық, былтыр 490 млрд теңге инвестиция тартылған екен. Оның үштен бір бөлігі шетелдік инвесторлардың еншісінде.
Өскемен – қойнауы құтқа толы мекен ғана емес, өткенді ішке бүккен жұмбақ қала. Бұл аймақтан қаншама қорым табылды. Оның барлығы – қазақтың құнды қазынасы. Сондықтан болар, Қасым-Жомарт Тоқаевқа алдымен қазба жұмыстары кезінде табылған сирек жәдігерлер көрсетілді.
Осыдан кейін Мемлекет басшысы облыс жұртымен жолықты. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев кенжелеп қалған салаларды да жіпке тізді. Президент өңірде жұмыссыз жүргендердің әлі де азаймай жатқанын айтты. Оларды еңбекпен қамту үшін шағын және орта бизнеске дем беру керек деп тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті дамыту – өңірде өткір болып тұрған мәселе. Осы жайтты шешу үшін республикалық бюджеттен 5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Қаржы бар, енді соны дұрыс үйлестіру керек. Аймақ басшыларының жұмысын олардың қанша адамды еңбекпен қамтығанымен бағалайтын боламын.
Өңірде экология мәселесі өзекті болып тұр. Ауаның күрт ластануынан ауру жұқтырып, дімкәс болып қалғандары көп.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мені қан айналым жүйесі бұзылған науқастардың жиі тіркеліп жатқаны алаңдатып отыр. Өскеменде бұл дертке шалдыққандар саны орташа республикалық деңгейден бір жарым есеге көп. Одан бөлек, аймақта ауаның күрт ластану дерегі тіркелген. Мұның өзі тұрғындарды түрлі дерт жұқтыруына түрткі болып отыр. Сондықтан өңір басшылығы бұл мәселеге жіті мән беруі тиіс.
Өскеменде ауыз суға жарымай жүргендер де көп. Тысқары жатқан аймақ тұрғындары ішерге су таппай, амалсыз арық жағалайтын көрінеді. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев өңір басшылығына 2020 жылға дейін халықтың 80% таза ауыз сумен қамтылу керек деген тапсырма берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінгі таңда облыстағы 710 елді мекеннің 54% ғана орталық су құбыры жүргізілген. Өңірлерді дамыту бағдарламасына сәйкес 2020 жылы халықтың 80% таза ауыз сумен қамтылуы керек. Әрбір Қазақстан азаматы жайлы өмір сүруі тиіс.
Президентті алаңдатып отынған мәселе бұл ғана емес. Мемлекет басшысы атаулы әлеуметтік көмектің кешіктіріліп жатқанына тоқталды. Осының кесірінен жәрдемақыға онсыз да жарымай жүргендер әуре-сарсаңға салынған. Қасым-Жомарт Тоқаев осы жайттың жай-жапсарын анықтау үшін арнайы тексеріс жүргізіліп жатқанын айтты. Бір аптада олқылықтың орны толмаса, айыптыларға қатаң шара қолданылатынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмек беру мәселесін кешіктіргендерді қатаң жазаға тарту керек. Бұл сұрақ қазір көптің көкейінде. Сондықтан бір аптаның ішінде елге тиісті жәрдемақы беру басталмаса, жауаптылар қатаң жазаланатын болады.
Өңір басшылығы туризмді түлету мәселесін де қағажу қалдырмауы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев бір ғана Алакөлдің өзі жылына 2 млн туристі қабылдауға қауқарлы деді. Бірақ қазір табиғатымен танылған ондай орындарға жетудің өзі қиын. Сондықтан Мемлекет басшысы жолдардың сапасына жіті мән берілсін деп тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Көлік-логистика саласына жіті мән берілу керек. Сол кезде ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік туады. Ерекше қорғауға алынған мәдени ескерткіштерді туристердің тамашалауына мүмкіндік жасалуы қажет.
Ел Үкіметі мен өңір басшылығына осындай міндеттер жүктеген Президент елдегі жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен қатаң күрес жүргізілетінін ескертті. Сондай-ақ ел арасында бейбітшілік пен келісімді сақтауға бар күш-жігерін салатынын айтты. Алқалы жиында өңірдің белді кәсіпкерлері мен әлеуметтік саланың ілгерілеуіне атсалысып жүрген жандар да сөз сөйледі. Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің қазіргі жүрісінен жаңылмайтынына, адымын әлі де алшаң басарына сенім білдірді.
Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ержан Қанапияұлы, Бақытбек Нұртаев