Ұлттық этномәдени бірлестіктер жанынан сараптамалық орталықтар құрылды
Осы жылдар аралығында бүкіл ел тек берекеге бастау болар сан мың жолдан өтті. Ұлтаралық келісімнің шаңырағы іспеттес ең алғашқы Достық үйі 1992 жылы Өскеменде құрылды. Осыдан соң еліміздің барлық өңірінде орталықтар ашылды.
Бұл – корей этномәдени бірлестігінің жанынан құрылған «Иса На Рем» ансамблі. Бүгінде қалада өтетін барлық мәдени шарадан тыс қалған емес. Ұлттық этномәдени бірлестіктің құрылғанына биыл 28 жыл болды. Осы уақыт аралығында аға буын өкілдері жастарға корей тілін үйретіп, дәстүрі мен мәдениетін дәріптеп жүр. Тек бірлік бар елде ғана жақсы тірлік болатынын және осы жолда қазақ халқына қарыздар екендерін естен шығарған емес.
Любовь Ли, Корей ұлттық этномәдени бірлестігінің мүшесі:
- Мемлекет барлық ұлтқа үлкен мүмкіндік беріп отыр. Дәстүрімізді дәріптеп, тілімізді үйренеміз. Тағы да айтқым келеді. Мемлекеттің қолдауының нәтижесінде осындай үлкен ғимаратқа ие болдық. Бұл жерде түрлі мерекелік шаралармен қоса зерттеу жұмысын да жүргіземіз.
Достық үйі ашылғанда алғаш болып құрылғандардың бірі – Беларусь ұлттық-мәдени орталығы. Олар да қолөнермен шұғылданып, салт-дәстүрін жаңғыртып келеді. Бастапқыда шағын ғана кешкі мектеп ретінде ашылған ұйым қазір үлкен орталыққа айналды.
Нина Прищепчик, Беларусь ұлттық этномәдени бірлестігінің мүшесі:
- Беларусь тілін үйрететін сынып ашылды. Мәдениетіміз бен дәстүрімізді көрсетіп, ана тіліміздегі әдебиеттерді оқимыз. Жастарға аға буынның көмегі қашан да керек.
Өңірде бүгінде 100-ден аса ұлттың өкілі тұрады. 1992 жылы ең бірінші болып Достық үйі Өскеменде ашылды. Бүгінде облыста 126 ұлттық этномәдени бірлестік бар. Қазір олар негізінен сараптамалық бағытта жұмыс істейді.
Елдар Төлеубеков, облыстық Достық үйінің директоры:
- Біздің Достық үйінің штаты көбейді. Қазір бізде аналитикалық бөлім бар. Соның бәріне сараптама жүргізіп жатырмыз. Өткізіп жатқан шараларымыздың санынан сапасына қарай көшіп, бақылаудамыз.
1963 жылы Тараз жеріне табан тіреген Раиса Өтепбергенованың ұлты – татар. Қазаққа тұрмысқа шығып, шаңырақ көтерді. Екі ұлына өзге елден келін түсіріп, қыздарын орыс пен әзербайжан ұлтына ұзатты. Көпұлтты отбасы бүгінде ешкімді ұлты мен дініне қарап бөлмей, әр ұлыстың төл мерекесін бірге тойлайды.
Раиса Өтепбергенова, Тараз қаласының тұрғыны:
- Қазаққа келін болдым, қазір соған көп рахмет айтамын. Қазақтың арқасында адам болдық. Қазақтар ашық, жақсы адамдар. Нандарын бөліп беріп, үйінен төрін беріп, қаншама жыл бірге тұрдық. Рахмет бәріне!
15 жылдық тарихы бар Шымкенттегі өзбек театры 16 маусымға дайындалып жатыр. Жас драма театрдың қоржынында қазірдің өзінде 80-нен астам спектакль мен түрлі қойылым бар. Театр мамыр айынан бастап, еліміздің бірнеше өңіріне гастроль жасамақ. Ұлттық театрлар арасында өтетін «Театр көктемі» фестиваліне қатыспақ.
Жавлон Сайтов, қалалық Өзбек драма театрының қоюшы режиссёрі:
- Мамыр айының 26-шы жұлдызынан 30-ына дейін «Қасқыр ұлыған түн» трагедиясымен Қостанай қаласында Қазақстандағы ұлттық театрлардың фестиваліне қатысамыз. Одан кейін жазда, маусым айында Ресейдің Керч қаласында өтетін «Антик драматургия» фестиваліне қатысамыз. «Босфор оты» деп аталады. Ол жаққа Софоколдың «Елиф патша» қойылымымен барамыз.
Береке мен бірлік. Ел іші тату тірлік. Сондықтан бүгінге дейін бағындырған белестер болашақта баянды болу үшін елдегі этномәдени бірлестік пен ұлттық театрлар әр сала бойынша нақты іс-жоспармен жұмыс істейтін болады.
Авторлары: Олжас Керейхан, Қырмызы Жексенбек, Нұрбек Байбосын