Студенттерге 9 мыңнан астам орын пайдалануға беріледі
Нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тұрғызылмақ. Құрылыс жұмыстарына мемлекет тарапынан субсидия да бөлініп отыр. Бұдан бөлек, Елбасы «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы тұралап қалған ауылдың тыныс-тіршілігін қайта жандандырып, болашағы бар ауылдарды дамытуды тапсырған болатын. Осы жұмыстар Үкіметтің отырысында айтылды.
Айбар Төлжанұлы, тілші:
- Отырыстың әлқиссасы студенттердің жатын жайынан басталды. Жатақханалар өздігінен пайда болып кетпейді. Оны тұрғызатын құрылысшылар бар, ол жұмысқа жауапты кәсіпкер бар. Оған әрине, ақша керек. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жатақхана тұрғызу үшін «Атамекен» палатасы арнайы механизмді бекітті. 2019-2021 жылдарға 15 млрд теңге бөлінбек. Қазір қарқын жаман емес. Бірақ ақша бөлінеді екен деп, жатақхана құрылысын «май шелпекке» айналдырып алмау керек. Күләш Шәмшидинова бүгін осыны кесіп айтты.
Күләш Шәмшидинова, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Біріншіден, өңірлерде барлық оқу орындары көрсетілген жатақханалар салудың толық кестесін бекіту керек. Екіншіден, қымбат тұратын жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуді тоқтату және үшіншіден, жер мәселесін оңтайлы шешу мақсатында мемлекеттік ЖОО коммерциялық емес АҚ етіп қайта ұйымдастыру жұмысын жеделдету қажет. Төртіншіден, осы жобаны іске асыру барысында сейсмикаға қатысты мәселелер көтерілді. Осыған байланысты нормативке сейсмиканы ескеретін коэффициентті қосу керек.
Құрылыспен айналысамын деген кәсіпкерлерге инженерлік коммуникациясы дайын жер телімі беріледі. Банктік несиенің 7% мемлекет есебінен субсидияланады. Құрылысқа қойылатын талаптар да жеңілдетілген. Инвесторға жатақханада асхана, жаттығу залдарын ашып, қосымша табыс табуға болады. Айтып-айтпай не керек, мұның бәрі біліммен сусындауға келген жастардың жатын жайдан тарықпауы үшін жасалып жатқан игі істер. Биыл 9 мыңнан астам орын пайдалануға беріледі. Премьер-Министр Асқар Мамин бүгін әкім мен ректорларға жатақханаларды уақытылы өткізуді, сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасын тиімді іске асыруды тапсырды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Бұл жоба бойынша 2025 жылға дейін 6,1 млн немесе барлық ауыл тұрғынының 80% құрайтын 2 мыңға жуық елді мекен қамтылады. Басқармалы урбанизация ауылдарды жаңғыртуға және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды. Сондықтан жобаны іске асыру бойынша тәсілдерді мақұлдауды ұсынамын, оны тиімді іске асыруды қамтамасыз ету қажет.
«Ауыл – алтын бесігіміз» дейміз. Енді іс жүзінде алтын бесікке айналдыру үшін Елбасы тапсырған жоба арқылы ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасы жақсарып, жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалып, перспективасы бар ауылдарды дамыту жсопары тұр. Былайша айтқанда, ауылды көркейту керек. Бұл жұмыстарға биыл 30 млрд теңге бөлінді.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2019-2021 жылдары 90 млрд теңге бөлу көзделген. Өңірлер бойынша республикалық бюджеттен қаражаттың бөлінуі даму әлеуеті жоғары ауылдық елді мекендерде тұратын ауыл тұрғындарының саны негізінде жүзеге асырылды.
Айбар Төлжанұлы, тілші:
Биыл 52 елдімекен, 2025 жылға дейін 6 млн-нан астам адам өмір сүріп жатқан барлық ауыл жаңаратын болады. Бірінші кезекте жол мен ауызсу мәселесі шешілмек. Жандандыру жұмыстары халық көп шоғырланған аудан орталықтарынан басталады. Бір ауданға шамамен 670 млн теңге бөлініп отыр. Бұл жұмыстардың барлығы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбектің жіті бақылауында.
Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Әлібек Әлиев