Павлодарға алғашқы жаңа трамвай партиясы жеткізілді
Өңірлерде бұл бағытта ілкімді істер қолға алынып жатыр. Басымдық заманауи үлгідегі отандық атвобустарға берілуде. Мәселен, Павлодарда жолаушылар тасымалдайтын автобус пен трамвай қозғалысы қатар дамып келеді. Алдағы бірнеше жылда тозығы жеткен қоғамдық көліктер үнемді, экологиялық таза транспортпен алмастырылады.
Павлодарлық қоғамдық көліктер күніне 245 мыңнан астам жолаушы тасымалдаса, оның төрттен бірі трамвайларға тиесілі.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Биыл Беларусь елінен әкелінген вагондардың кей техникалық сипаттамалары жаңартылды. Мәселен, вагонды басқару жүйесінде өзгерістер енгізілсе, тапсырыс берушінің сұранысымен жаңа вагондар басқара құрастырылатын болды. Нақтырақ айтқанда, жолаушылардың ыңғайлығы үшін бұл трамвайлардың енді төбесі биік. Сонымен қатар осындай қос монитор орнатылды. Айта кетейік, алдағы уақытта Павлодар қаласының трамвай паркінің 30% осындай заманауи көліктермен жаңартылатын болады.
Ескі трамвайлар осындай жаңа вагондармен алмастырылып жатыр. Күн сайын олардың 100-ден астамы жолға шығады. Маршруттық желінің ұзындығы – 90 шақырым.
Елдос Бірінқұлов, депо бастығының орынбасары:
- Модернизация жағынан өте үлкен жұмыстар, істер атқарылып жатыр. Сол сұранысты өтеуге тырысамыз. Жылына 15 млн-нан астам жолаушылар тасымалдаймыз.
Облыс орталығындағы №1 автобус паркінің тең жартысы тозған. Мәселені шешу үшін бір айдан соң 30 автобус әкелінбек. Бұл іс жолаушылар көлігін дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасы аясында қолға алынды.
Ернар Қоңырханов, қалалық №1 автобус паркінің директоры:
- Автобус жаңа брендте, жасыл түсті болады. Сондай-ақ 10 электроавтобус болады. Олар – экология жағынан жақсы, тиімді, экономды автобустар.
Елімізде жолаушылар көлігін дамыту бағдарламасы іске қосылған. Ерекшелігі сол, өңірлердің автобустар паркі тек отандық көлікпен толығады. Қазіргі таңда жоба бірнеше аймақта табысты жүзеге асырылған.
Ирина Миронова, Қостанай автобус паркінің өкілі:
- Әр облыс автобустардың дизайнына тапсырыс бере алады. Мәселен, павлодарлық көліктерде өңірдің символы Ертістің суреті көрініс табады. Шымкенттік көліктер қазақы оюлармен безендіріледі. Ал ақтөбелік автобустардың көркіне қызғалдақтардың суреті көрік қоспақ.
Осылайша қоғамдық көліктер ел аймақтарының брендіне арналмақ. Алғашқылардың бірі болып ақтаулық тасымалдаушылар ерекшеленді. Шаһар ішінде ақ автобустар жолға шықты. Ал ақтөбеліктердің тапсырысымен 78 қоғамдық көлік көгілдір түске боялған. Еліміздің индустриялық орталығы Павлодарда алғашқы электробустер пайда болмақ. Ал Шымкент тұрғындарына күңгірт жасыл түсті 300 автобус қызмет көрсетпек.
Бұл тұрғыда Павлодар – алғашқы қарлығаштардың бірі. Шілде айында электробус әкелініп, іске қосылмақ. Сонымен қатар дизель отынымен жүретін 20 қоғамдық көлік жолға шығады. Паркті модернизациялауға 2 млрд 800 млн теңге бөлінген. Оның басым бөлігі мемлекеттік бюджеттен алынған.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Ердәулет Байдуллаев, Марат Игіліков