Бір шаңырақ астында көпұлтты балалар өмір сүреді
Елімізде түрлі ұлт өкілдерінің бейбіт ғұмыр кешуі – осының айғағы. Елордалық Жанар Байжолдинова 12 баланың басын біріктіріп, бір үйдің баласындай етіп тәрбиелеп отыр. Оның тоғызын балалар үйінен асырап алған. Олар үшін 1 мамыр күнтізбедегі қарапайым күн емес, ең ұлық мейрам саналады.
Балалы үй – базар. Кіре берістен былдырлаған сәбидің дауысы мен балалардың шапқылап жүргендерін байқадық. Күткеніміз де сол еді. Хош, құр қол бармайық деп, аз-маз алған базарлығымызды балаларға ұстаттық. Әдеттегідей қал-жағдай сұрастық, одан танысуға көштік.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Отан отбасыдан басталады демекші, бір шаңырақ астында, бір отбасында көпұлтты балалар бақытты әрі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мәселен, Аружан, Захар, Аделина, Света, Даниал, Дәрия және кішкентай Әміре. Жалпы жанұяда 12 бала бар. Қалғаны оқуда және ата-әжесінің қолында. Балалардың бәрі өнерлі. Ал үлкен қыздары Аружан ән айтып, аспапта ойнағанды жақсы көреді.
Аружан Жамбылова:
- Біздің бірге тұрып жатқанымызға көп болды. Қанымыз бөлек болса да, жанымыз бір. Туыстық қатынасымызда шекара болмағандықтан, барлығын бірдей жақсы көремін. Осы адамдардың барлығы менің өмірімде ерекше орын алады. Осы үшін алғысым шексіз.
Бұл бір ғана мысал еді. Аружанның артында өсіп келе жатқан іні-сіңлілері бар. Олардың да бабын тауып, дұрыс жолға салу керек. Мұны ата-аналары Жәнібек пен Жанар жақсы біледі. Сондықтан олар: «Балаларды ортақ тәрбиеге жұмылдыру маңызды», – деп есептейді.
Жанар Байжолдинова, көпбалалы ана:
- Мен оларға бірден айттым. Орыстың, немістің дәстүрлерін білмеймін. Қазір олардың бәрін оқып шықсам да, қателіктерім болады. Сондықтан осы үйде тұрғанша қазақсыңдар, 18-ден асқанда қазақ боламын, болмаймын десеңдер өз таңдауларың. Былтыр ораза айында Қытайдағы Аделинаға хабарлассам: «Анашым, мен ораза ұстап жүрмін», – дейді. Үйде алған тәрбиесі бәрібір қалып қояды екен.
Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Үйдегі тәрбие мен қарым-қатынас балаларға да әсер етпей қоймайтыны белгілі. Тіпті 10 жастағы Захар өзін қазақпын деп есептейді.
Захар Раскоп:
- Мен мұнда келгенде «не үшін келдім?» деп түсінбедім. Бір жылдан кейін ғана түсіндім. Бұл – менің анам, мен осында тұрамын, менің үйім.
Иә, жетімін жылатпаған дана халқымыз: «Өз үйім – өлең төсегім», – деп бекер айтпаса керек. Мұндағы балалардың өз ата-анасы, бауырлары, баспанасы бар және барлығы бір шаңырақ астында бір үйдің баласындай бақытты ғұмыр кешіп жатыр.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Мейрамбек Ахмаханов