Елбасы жариялаған бес әлеуметтік бастаманың орындалуы жіті қадағалануда
Шымкентте Елбасының бес әлеуметтік бастамасын іске асыру барысы талқыланды. Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың жол картасы да бекітілген. Қоғамдық кеңесте «7-20-25» бағдарламасының мегаполисте қарқын алғаны айтылды. Баспаналы болуға тұрғындардан 450 өтініш түсіп, 239-ы мақұлданды. Студенттерді жатақханамен қамту да сөз болды. Жоғары және орта арнаулы оқу орындары үшін 8050 орын қажет. Тұран шағын ауданындағы 8 гектар жерде 5000 орындық жатақхана салынбақ.
Ақмола облысында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 3,5 млрд-тан астам теңге бөлінді. Қаржы ауылды жерлерде кәсіп ашқысы келгендерге жеңілдетілген несие түрінде беріледі. Бұл туралы облыс орталығындағы қоғамдық тыңдауда айтылды. Жиында ауыл кәсіпкерлері, сала мамандары, 2017-2018 жылдардың жұмысын қорытындылап, мәселелерді де талқылады.
Оралда аграрлық-техникалық колледждің студенттері 3D модельдеуді үйренуде. Әзірге 10 сағаттық бағдарлама жасалған. Жаңа оқу жылынан бастап барлық мамандыққа пән ретінде енгізілмек. BIM-технологияның ерекшеліктерімен өңірде жұмыс сапарымен жүрген Мәжіліс депутаттары танысты. Бағдарлама құрылыс саласын жаңғыртуға арналған. Өйткені 2020 жылы Қазақстан жаңа құрылыс нормасына көшеді. Үш өлшемді виртуалды үлгілерді жасау ғимараттарды жобалауда, тапсырыстарды орындауда қателіктерді болдырмауға септігін тигізеді.
Осы айда Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы 10 елді мекен көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. 365 шақырымдық газ құбыры желісі аяқталуға жақын. Ресеймен шекаралас Азғыр өңіріне іс-сапармен барған Мәжіліс депутаттары газ тарту жұмыстарын көрді. Ал шекара маңындағы ауылдар бос қалмас үшін атқарылатын жобалар, әлеуметтік көмек, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды қолдау, жалақы өсіру барысымен танысты.
Талдықорғандағы Достық үйінде медиациялық орталық жұмыс істей бастады. Онда салаға қатысты заңнамалық кітаптар жиналып, қоғамдық медиаторлар дайындалмақ. Татуластырушы маманның кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатында судьялармен арнайы келісімшарт жасалған. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVII сессиясынан кейін облыстық филиал өкілдері осындай бастаманы қолға алды. Алдағы уақытта атқарылар жоба жоспарларын талқылады.