ОСК Қасым-Жомарт Тоқаевты ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеді
Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдауға өңірлерден 315 910 азаматтың қолы жиналыпты. Оның 257-сі техникалық себептерге байланысты қабылданбаған. Ал заң бойынша кандидатты қолдау үшін 118 140 қол болса жеткілікті.
Барлық талаптың үдесінен шыққан кандидатқа қатысты ОСК қаулы қабылдап, соның негізінде үміткерге кандидат куәлігі табысталды. Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев іссапарда жүруіне байланысты куәлік оның сенімді өкілі Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевқа берілді.
ОСК хатшысы Сәбила Мұстафина Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы жобасын жариялады.
Сәбила Мұстафина, Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:
- Президентке кандидат Қ.К.Тоқаевқа тиісті куәлік берілсін. Қ.К.Тоқаев арнаулы уақытша шотты ашу үшін Қазақстан халық жинақ банкіне Президенттікке кандидат болып тіркелгені туралы мәліметтер ұсынылсын. БАҚ-та Қ.К.Тоқаевтың ҚР Президенттігіне кандидат болып тіркелгені туралы хабар жариялансын.
Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев 11 мамырдан бастап үгіт-насихат жұмыстарын бастайтындарын айтты.
Мәулен Әшімбаев, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:
- Заңда көрсетілген уақыттан бастап, яғни біз енді 11 мамырдың 18:00-нен бастап үгіт-насихат жұмыстарын бастаймыз. Біздің барлық жұмысымыз толықтай заң аясында жүретін болады. Сондықтан осы сайлау ашық тұрғыда әділ өтетініне ешқандай күмән жоқ. Осы бағытта біздің партиямыз да, республикалық қоғамдық штаб та нақты жұмыстар атқаратын болады.
Айта кетейік, заң бойынша ҚР Президенттігіне үміткерлер 1 мамыр сағат 18:00-ге дейін тіркеле алады. Одан кейін 8 маусымға дейін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге құқылы. Ал 9 маусым таңғы сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін еліміздің барлық сайлау учаскесінде азаматтар дауыс бере алады.
Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Серік Қоңырбаев