Қасым-Жомарт Тоқаев жауынгерлердің әскери дайындығын жоғары бағалады
Мұздай қаруланған топ таулы аймақта тасаланып, сап түзеген сарбаздарға сес көрсетті. Кескілескен ұрыс шамамен 1 сағатқа созылды. Жауынгерлер лаңкестер жасырынған аумақты оқшаулап, олардың көзін жойды. Көктал полигонында тап осындай оқу-жаттығу өтті. Ауқымды әскери шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев куә болды. Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысына мұндағы ахуал жан-жақты түсіндірілді. Президент ондағы бірқатар нысанды аралап, қару асынған жауынгерлермен жолықты.
Мұздай қаруланған топты құрықтау үшін арнайы жасақ құрылды. Құрлық әскерлері зеңбіректермен, соңғы үлгідегі танкілермен шабуылдады. Олар лаңкестердің жолын бөгеу үшін арнайы миналарды қолданды.
Көк тарландары да құрлықтағы сарбаздарға көмекке келді. Олар әуеден шабуыл жасап, содырларды тұсап тастады. Кескілескен ұрысқа әскери ұшақтар мен тікұшақтар тартылды.
Бейбіт елге баса-көктеп кіргендерге сақа сарбаздар осылай төтеп берді. Олар өздеріне жүктелген маңызды міндетті абыроймен атқара білді. Көктал полигонында өткен кезекті «Айбалта» әскери оқу-жаттығуы осылайша сәтті аяқталды. Мемлекет басшысы ел шебін мысықтілеулілерден қорғаған сарбаздардың қарым-қабілетіне жоғары бағасын берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ сарбаздарының қашанда қырағы әрі алғыр болғанын айтты. Сондықтан жауынгер халықтың бүгінгі ұрпағы ел басына күн туғанда сап түзеп, қолына қару алудан тартынбасы анық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанның армиясы бүгінде мемлекеттің сенімді қалқаны әрі қуатты қорғаны болып отыр. Әскеріміз заманауи қару-жарақтармен жабдықталған және аса күрделі міндеттерді орындауға әрқашан дайын. 9 мамыр қарсаңында Ұлы Жеңіске зор үлес қосқан халқымыздың қаһармандары мен ерлігін естен шығармауымыз керек. Сондықтан біз басты құндылықтарымызды, бейбітшілік пен келісімді сақтауға тиіспіз. Әскери қызметке адалдықтарыңыз үшін алғыс айтамын!
Ауқымды стратегиялық шараға 8 мың жауынгер мен 2 мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылды. Жаттығуға тек шарболаттай шыңдалған жауынгерлер ғана таңдалып алынған.
Талғат Қойбақов, ҚР ҚК Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары:
- Содырларға қарсы күрес жүргізуге «Оңтүстік», «Шығыс» және «Астана» өңірлік қолбасшылығының әскерлері жұмылды. Олар лаңкестер жасырынған аумақты оқшаулап, қарсы күрес жүргізді. Сарбаздарға ерекше талап қойылды. Оларға таулы аймақта ұтымды ұрыс жүргізудің озық үлгісін көрсету қажет болды.
Әскери оқу-жаттығу аяқталған соң Мемлекет басшысы далалық лагердің жұмысымен танысты. Мұнда азық-түлік және оқ-дәрі сақтайтын қоймалар, жанармай қоры мен істен шыққан техникаларды қалыпқа келтіретін орындар құрылған.
Асылхан Байыров, 292119 әскери бөлімшесінің командирі:
- Нан зауытында күніне 8 мың адамға нан пісіріледі. Зауытта және азық-түлік қоймасында 5 қызметкер жұмыс істеуде.
Қырғиқабақ тіресте жараланған жауынгерлер госпитальге жеткізіледі. Онда 80 білікті дәрігер жұмыс істеп жатыр. Олар 1 тәулікте 300 адамға ем-дом көрсетуге қауқарлы.
Жылжымалы далалық әскери госпиталь соңғы үлгідегі медициналық жабдықтармен жарақталған. Мұнда лабораториялық тексеріс жүргізуге, рентгенологиялық зерттеу жасауға толық мүмкіндік бар. Одан бөлек мұндағы дәрігерлер аса ауыр халде жеткізілген науқастарға шұғыл операция жасау мүмкіндігіне ие.
Ербол Жұмағұл, әскери-далалық госпиталінің терапевт-дәрігері:
- Бұл госпитальдің ерекшелігі: кез келген жерге, кез келген аймаққа апарып қоюға мүмкіндік бар. 4 сағаттың ішінде алғашқы медициналық көмек көрсете бастауға болады. Жалпы госпитальдегі барлық құрылғыны толық орналастыруға 72 сағат уақыт кетеді.
Далалық лагерь жұмысымен танысқан Мемлекет басшысы сарбаздар ботқасынан да дәм татып, мерзімді қызметтегі жауынгерлермен тілдесті.
«Айбалта» әскери оқу-жаттығуы елімізде жыл сайын ұйымдастырылады. Биылғы жаттығуға «Оңтүстік», «Шығыс» және «Астана» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлері қатысты. Оларға тауда тасаланған жауға қарсы ұтымды ұрыс жүргізу міндеті қойылды. Ауыр әскери техникалар теміржол арқылы жеткізілді. Сарбаздар Іле өзенін кесіп өту үшін аз уақытта понтонды көпір құрастырды. Жауынгерлер осы сынның ешбірінен сүрінген жоқ. Барлығын жоспар бойынша орындай білді.
Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ержан Қанапияұлы, Бақытбек Нұртаев