Өскемен мен Семей қаласындағы тұрақтандыру қорына жиналған көкөніс арзандады
Өйткені осы қыста аймақтағы нарықта көрші Павлодар облысы мен Ресейден әкелінген өнім қордағыдан бірнеше есе арзан болған. Енді күн жылына бастағанда ол өнімдердің сапасы нашарлап, мүлде өтпей қалған. Сондықтан атқарушы билік картоп пен сәбіз және сарымсақтың келісін 40 теңгеден сату туралы шешім қабылдады. Қазір бағасы төмендеген көкөністер Өскеменде ашылған 64 әлеуметтік дүкенде саудалануда. Ал өткен жылы аймақтағы шаруалардан тұрақтандыру қорына 450 млн теңгенің өнімі сатып алынған. Қоймадағы көкөніс енді қойылған бағаға түгел сатылатын болса, жұмсалған қаржы толық қайтарылады.
Думан Рахметқалиев, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары:
- Біз базардағы бағаны бағамдап көрдік. Қазіргі қойып отырған бағамыз нарықтағыдан әлдеқайда арзан. Сондықтан тұтынушылардан сұраныс болады. Әзірше ешбір базарда келісі 40 теңгеден картоп, сәбіз жоқ.