80 жастағы қария ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылықты оқытады
Тіпті ол пернетақтаға қарамай, жылдам терудің жаңа әдістемесін ойлап тапқан. Қазір арнайы курс ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Бүгінде тәжірибелі маманнан дәріс алғысы келетіндер көп.
Владимир Задесинец 80-ге келсе де сергек. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ағылшын тілін жастайынан меңгеріпті. Кейін түрлі оқулықтар оқып, білімін жетілдірген. Өмірлік тәжірибесі мол қария бар білгенін басқаларға үйрету үшін Жезқазған қаласында арнайы курс ашады.
Владимир Задесинец, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Курсқа 5-6 жастағы баладан бастап, өз замандастарыма дейін келеді. Аптасына 5 мәрте сабақ өткіземін. Оларға сапалы білім беру үшін, өзімді де дамытып отырғанды жөн көремін. Көп оқулық оқимын, ағылшын тіліндегі түрлі телеарналарды қараймын.
Владимир Задесинец – инженер-құрастырушы. 40 жыл зауытта еңбек етіп, зейнетке шыққан. Сондықтан компьютерді меңгеру қарияға аса қиынға соқпапты. Қазір ол балаларға ақпараттық технологияның қыр-сырын үйретіп жүр. Жақында пернетақтаға қарамай терудің жаңа әдістемесін ойлап тауыпты.
Владимир Задесинец, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Бұл әдістеменің басты ерекшелігі – арнайы жаттығулар арқылы ми мен саусақты байланыстыру. Бір сөзбен айтсақ, адам пернетақтаны тергенде саусақ ұшы көздің қызметін атқарады.
Қарияның біліміне, шеберлігіне тәнті болған қаладағы түрлі мекемелер оны дәріс беруге шақыра бастаған. Соның бірі – жуырда ғана ашылған білім және даму орталығы.
Ақансері Сүлейменов, Білім және даму орталығының директоры:
- Бізде орталықта ІТ класс бар. Онда оқитын 80 оқушының барлығы қызығып отыр. 10 саусақты пернетақтада теру әдісін біз өзіміздің оқу бағдарламасына енгізгіміз келіп отыр. Соған келесі аптадан бастап арнайы шақыртып, мастер класс өткізсек деген ой бар.
Қария ғылымнан да құралақан емес. Өндіріске енбеген бірнеше өнертабысы бар екен. Айталық жуырда қыш тақта мен кірпіш жасаудың жаңа технологиясын ойлап тапқан. «Бірақ әзірге қызығушылық танытқандар болған жоқ», – дейді ол.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин