«Сухой Суперджет 100» ұшағы апатынан 41 адам қаза тапты
Бортта болған 78 адамның 37-сі құтқарылды. 41 адам қаза тапты. Әзірге апаттың себебі белгісіз. Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігі осы үлгідегі ұшақтардың көкке көтерілуіне тыйым салмайды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәскеуден Мурманскіге бағыт алған ұшақтың бортында 73 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі болған. Көкке көтерілген соң 28 минутта апатты жағдайда қонуға мәжбүр болып, Шереметьево әуежайына қайта оралды. Ауа райының қолайсыздығынан ұшақ екінші мүмкіндіктен кейін ғана қонған. Белгілі болғандай алдымен лайнердің тағандары сынып, қозғалтқыштары тұтанған. Кейін артқы бөлігі жана бастаған.
«Аэрофлот» компаниясының өкілі адамдарды эвакуациялауға 55 секунд уақыт кеткенін хабарлады. Алайда ұшақтың артқы бөлігінде болған адамдар сыртқа шығып үлгермеген. Қаза тапқандардың бірі – бортсерік Максим Моисеев. Куәгерлердің айтуынша, ол соңына дейін жолаушыларды жанып жатқан ұшақтан шығарған.
Елена Марковская, Тергеу комитетінің өкілі:
- 8 жолаушымен тергеушілер мен психологтар жұмыс істеп жатыр. 5 адамға медициналық көмек көрсетілді. Ұшақ бортында болған 78 жолаушының 37-і аман қалды. Олардың 33-і жолаушы болса, 4-еуі – экипаж мүшесі.
Мурманск облысында 3 күн қаралы деп жарияланды. Қазір аман қалған адамдармен мамандар жұмыс істеуде.
Андрей Чибис, Мурманск облысы губернаторының міндетін атқарушы:
- Апатқа ұшыраған ұшақ бортындағы жолаушылардың жақындары мен туған-туыстары біздің әуежайда жиналып жатыр. Олармен психолог мамандар жұмыс істеуде.
Ұшақтың бір бөлігі түгел жанып кеткен. Тергеу комитеті апатқа қатысты іс қозғап, мән-жайды анықтап жатыр. Ұшқыштардың бірі лайнерге найзағай түсіп, соның салдарынан жүйесі істен шыққанын мәлімдеді. Ал әуежай алаңына қонған кезде ұшақтың астыңғы бөлігі жерге соғылып, өрт шыққан.
«Сухой Суперджет 100» ұшағы 2017 жылы Ресейде шығарылған. Ресейлік БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, жуырда Еуропа осы үлгідегі ұшақты пайдаланудан бас тартты. Елімізде де бұл әуе кемесі жолаушыларды тасымалдамайды. Бізде аталған маркалы 1 ғана ұшақ бар.
Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Бізде Ресейде құрастырылған 1 Суперджет бизнес ұшағы қолданылады. Ол жеке компанияға тиесілі. Ал тұрақты бағыттар бойынша мұндай әуе кемесі бізде жоқ. Жалпы әр ұшақты тексеру талаптары болады. Бұл тексерісті өндіруші зауыт, әуе компаниясы және азаматтық авиация инспекторы жүргізеді. Бұл нормалар бізде толығымен орындалады.
Мамандар:«Апаттың нақты себебі туралы айту әзірге ерте», – деп отыр. Тергеушілер бірнеше нұсқаны қарастырып жатыр. Олар: ұшқыштар мен диспетчерлер және ұшаққа техникалық байқау жасаған тұлғалардың біліктілігінің жеткілікті деңгейде болмауы, әуе көлігіндегі ақау немесе қиын метеожағдай. Екі қара жәшік те табылып, мемлекетаралық авиациялық комитет талдау жұмыстарын бастап кетті.
Авторлары: Меруерт Жақан, Дана Нуржан, Александр Любителев