Президент сайлауына кандидаттарды тіркеу аяқталды
Сөйтіп барлығы 7 кандидат сайлауға түседі. «Саяси науқанға 1 мыңға жуық халықаралық байқаушы келеді», – деді Орталық сайлау комиссиясының өкілдері.
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының атынан ұсынылған үміткер Төлеутай Рақымбековті кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылданды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, еліміздің 15 өңірінен үміткерді қолдап 122 309 адам қол жинаған. Оның 120 754-і дұрыс деп танылған.
Төлеутай Рақымбеков, ҚР Президенттігіне кандидат:
- Бұл өте маңызды мәселе алдында біраз жұмыстар атқарылды. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының президиумы өтті, одан кейін саяси кеңес және съез ұйымдастырылды. Біздің партияның филиалдары бүкіл аудан, облыстарда бар. Сондықтан бұл істе қиыншылық болды деп айта алмаймын.
Осылайша қол жинау қиындық тудырмаған үміткер Төлеутай Рақымбеков кандидаттығы жазылған куәлігін журналистерге қуана көрсетті.
Сонымен бірге ОСК Жамбыл Ахметбековті Президенттікке кандидат ретінде тіркеді.
Жарты сағаттан соң Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан коммунистік халық партиясының атынан ұсынылған Жамбыл Ахметбековті де конституциялық талаптарға сәйкес деп таныды. Комиссия кандидат ретінде тіркеп, куәлігін қолына берді. Жамбыл Ахметбеков 135 506 қол жинаған. Ол осымен 2-рет Президент сайлауына түскелі отыр. Осыдан 8 жыл бұрынғы саяси додада 1,36% дауыс жинаған.
Жамбыл Ахметбеков, ҚР Президенттігіне кандидат:
- Алдағы уақытта біздің жұмысымыз басталады, үгіт-насихат компаниясы болады, 11-і күні кешкі 18:00-де басталады. Өздеріңіз партияның саяси бағдарламасын бекіткенін білесіздер. Сол бағдарламаға сәйкес жұмыстарымызды жоспарлы түрде атқарамыз.
ОСК Әміржан Қосановты да Президенттікке кандидат ретінде тіркеді. «Ұлт тағдыры» бірлескен ұлттық-патриоттық қозғалысының атынан ұсынылған Әміржан Қосанов ресми түрде кандидат болып танылды. Кандидат елдің 14 өңірінен 131 189 қол жинаған. Оның 129 582-сі тіркелді. Кандидат өзінің 7-ші болып тіркелгенін жақсылық нышанына балап, сөзін өлең жолдарымен бастады.
Әміржан Қосанов, ҚР Президенттігіне кандидат:
- Осы күні көрсетті ғой жұрт елдік, қаншама жыл тіркеле алмай жүр едік, міне бүгін сайлауға да тіркелдік. Жасыратыны жоқ, «Ұлт тағдыры» ұйымының атынан және де демократиялық күштер сенім білдірген кезде «осы Қосанов тіркеледі ме, тіркелмейді ме?» деген күмән болды. Бірақ бүгінгі күн шынымен де Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «әділ сайлау өткізуге кепілдік беремін» деген сөзінің нышаны деп білемін.
Осылайша кандидаттарды тіркеу рәсімі толығымен аяқталды. 7 адам президенттік орынға таласады. «Осынау саяси мән-маңызы орасан науқанды бақылауға 1 мыңға жуық халықаралық байқаушы келеді», – дейді Орталық сайлау комиссиясының өкілдері.
Зәуреш Баймолдина, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
- 7 байқаушы ТМД-дан, 22 байқаушы ТМД Парламентаралық Ассамблеясынан, 12 байқаушы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның миссиясынан, 4 байқаушы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы миссиясынан аккредиттеледі.
Әзірге сайлау туралы ақпарат таратуға рұқсат беру туралы шетелдік БАҚ өкілдерінен 53 өтініш келіп түскен. Бұл мәліметтер күн сайын жаңартылып отырады.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Дәурен Жұрхабаев