Бейбіт күннің қаһармандары марапатталды
Сонымен қатар Отан қорғаушы күніне орай және тәуелсіздік жылдарында қызмет бабында қаза болған тәртіп сақшыларына арналған мемориалды ескерткіш тақта ашылды. Мереке құрметіне орай өзге де үздік құқық қорғау қызметкерлеріне ҚР Президенті, Ішкі істер министрі, облыстық полиция департаменті және облыс әкімдігінің марапаттары табыс етілді.
Президент Жарлығымен берілген ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін облыс басшылығы, Мәжіліс депутаттары, полиция департаменті мен өзге де құқық қорғау органдарының басшылары салтанатты түрде Шалқар Ақымғалиевтің анасына табыс етті.
Шалқар Ақымғалиев 21 наурыз күні суға кеткен әйелді құтқару кезінде ерлікпен қаза тапқан болатын. Бар болғаны 25 жастағы азаматтың болашаққа деген жоспары көп еді. Әріптестері арасында беделді, міндетіне адал азамат біреудің өмірі үшін өзін ажалға қиды.
Ләззат Мұқанова, Шалқар Ақымғалиевтің анасы:
- Әскерден келгеннен кейінгі өзінің арманы осы болатын. «Досыңа, абыройыңа адал бол, берік бол, аманатқа қиянат жасама, қай жерде жүрсең де тек адалдығыңмен жүр», – деп айтқан сөзім бар еді. «Анашым соныңды орындаймын, есімнен ештеңе шығармаймын, бәрі айтқаныңыздай болады», – деп айтқан еді. Соны орындады деп ойлаймын. Халқыма рахмет айтамын.
Сондай-ақ тәуелсзідік жылдары кезеңінде қызмет бабында қаза болған тәртіп сақшыларына арналған мемориалдық ескерткіш тақта ашылды. Бұлардың барлығы да қылмыспен күресте, адамдардың өмірін қорғау жолында жанын қиған азаматтар еді.
Үмбет Сыдиқов, облыстық ПД кадр саясаты басқармасы басшысының орынбасары:
- Өкінішке қарай бейбіт өмірге қарамастан, әріптестеріміз қызмет бабында қаза табуда. Біз әрқашан қызметкерлерімізді есімізге сақтаймыз, ұмытпаймыз. Еліміз тыныш болсын, әрқашан бейбітшілік заман болсын.
Шалқармен бірге суға кеткен әйелді құтқарған Рүстембек Сүндетов те Президент Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Сондай-ақ мерекеге орай тағы 30 шақты полиция қызметкеріне мемлекеттік наградалар мен алғыс хаттар табыс етілді. Ал жалпы Атырау полициясы тарихында қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, азаматтардың өмірін қорғауға атсалысқан 6 полицей «Ерлігі үшін» медалімен, 4 қызметкер «Айбын» орденімен марапатталған.
Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов