Хабар телеарнасы

«Хабар» арнасы батыр бабалар ерлігіне арналған фильмдер ұсынады

«Хабар» телеарнасы осы аптадағы өзінің эфирлік кестесін Ұлы Жеңіс күніне арнап отыр. Мерекелік демалыстарда көрермен Ұлы Отан соғысы туралы көркем фильмдер мен бейбіт күнді жақындатуға тырысқан батыр бабаларымыз жайлы түсірілген деректі фильмдерді көріп, майдан әндерін тыңдай алады.

Қазақтың қайсар мінез батыры – Бауыржан Момышұлы. Отты жылдары кескілескен ұрыстарда ұтымды әдіс қолданып, бірнеше рет қоршауды бұзып шыққан. Батыр баба басқарған батальон Мәскеу түбіндегі шайқаста да ерлік көрсетті. «Хабар» арнасының арнайы тапсырысымен түсірілген телехикаяда Кеңес Одағы батырының батыл әрекеттері баяндалған. Бұдан өзге ел басына күн туғанда жауға шапқан батырлар жайлы әзірленген материалдар да арнамыздан мереке күндері көрсетілмек.

Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:

- Басты эфирлік сеткадағы жоспар Жеңіс күніне арналған. Бірнеше деректі фильм циклі әзірленген. Соның бірі – осы жеңісті жақындатқан біздің Қазақстаннан шыққан майдангерлер туралы фильм. Оның ішінде аталарымыз, апаларымыз бар.

Бұдан өзге «Хабар» арнасының ұжымы «Өмір жолы» атты деректі фильмдер циклін әзірлеген. Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың, атақты партизан Қасым Қайсеновтің, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың өмір жолы туралы туындылар жарыққа шығады. Тағы Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған концерттер де көрсетіледі.

Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:

- «Ерлікке тағзым» атты Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен соғыс, патриоттық әндер шырқалатын концерт бар. Сондай-ақ «Отан деп соққан жүрегім» концерті де бар. Мұнда да танымал жұлдыздар Жеңіс күніне арналған әндерді шырқайды. Тағы Кенжебек Жанәбіловтің «Тәуелсіздік – тірегім» атты шығармашылық кеші «Хабар» арнасының эфирінде көрсетіледі.

Концерттер мен деректі фильмдерден бөлек «Хабар» арнасы соғыс жылдары және атақты 28 панфиловшы жайлы көркем фильмдерді де мереке күндері көрсететін болады.

«Хабар» арнасы қосулы болсын!

Авторлары: Риат Шони, Дәурен Жұрхабаев