Посткеңестік мемлекеттердің туристері Қазақстанға қыдырып келуге қызығушылық танытып отыр
Оларды негізінен қазақ елінің қонақжайлылығы, әсем табиғаты мен тарихы қызықтырады. Отандық туристік компаниялар шетелдік сарапшылардың көмегіне жүгініп, турист санын арттыруды көздейді. Мамандар Қазақстанға жарнама жетіспейтінін айтады.
Мария Тереза Дурфлердің есімі қонақүй бизнесі саласында жақсы таныс. 74 жасқа келсе де, ел, жер аралаудан жалықпайтын саяхатшы Қазақстанға келіп, өзі үшін жаңа әлем ашқан.
Мария Тереза Дурфлер, турист:
- Нұр-Сұлтан маған қатты ұнайды. Қаланың дамып келе жатқанына қуанамын. Мұнда достарыммен келдім. Мен саяхаттағанды өте жақсы көремін. Жалғыз ұлым Португалияда тұрады. Жазда оған да барып қайтамын.
Былтыр елімізге 8,5 млн турист ат басын бұрса, оның жарты миллионы Қазақстан астанасын тамашалауға келген. Бірінші кезекте меймандарды біздің қонақжайлылығымыз баулиды. «Қазақ туризм» компаниясы осы қызығушылықты арттыра түсу үшін шетелдік мамандармен тығыз жұмыс істеп жатыр.
Татьяна Кольцова, туризм бойынша сарапшы:
- Қазақстанда туристерге барлық жағдай жасалыпты. Нұр-Сұлтанның өзі Дубаймен бәсекелесе алады. «Қазақ туризмнің» шақыртуымен келіп отырмыз. Ресейлік туристер үшін Қазақстан – әзірге жұмбақ ел. Сіздерге ақпараттандыру жұмыстарын күшейту керек. Бүгінде жерлестерімнің ТМД елдеріне қатты қызығатынын байқаймын. Бұл ретте туризмнің сан түрі дамып келе жатқан Қазақстанның әлеуеті зор.
Көрші отырып Ресей азаматтары үшін жұмбақ болуымыз ақпарат, жарнаманың аздығын білдіреді.
Қазақстанның бірталай мемлекетпен визасыз режим орнатуы елге келетін туристің санын арттырып отыр. Польша туристік палатасының өкілдері азаматтарының қазақ жеріне көшпенді мәдениетпен танысып, ат мініп, тауға шығу үшін келетінін айтады.
Дариуш Войталь, Польша туристік палатасының вице-президенті:
- Қазақстан туристеріміз үшін қызық бағыт екеніне күмәніміз жоқ. Мәселен, жақында жергілікті дәстүрлермен танысқысы келген бір топ бизнесменді жібергенбіз. Олар киіз үйде тұрып, ұлттық тағамдардан дәм татқан. Қазақтар өте қонақжайлы халық. Осындай саяхаттардан жұрт қатты әсер алып оралады. Өзім де ЭКСПО-да болғанмын, елдеріңізде түрлі тілде сөйлейтін кәсіби гидтер мен жақсы дамыған қонақүйлер жүйесі бар екенін атағым келеді. Туристік әлеуеттеріңіз зор, бірақ аймақтарыңызды көбірек жарнамалау қажет деп санаймын.
Жақын арада елордамызда өтетін Дүниежүзілік туристік ұйымның қалалық туризм бойынша VIII жаһандық саммитінде өзімізді жарнамалауға толық мүмкіндік туады. Турист те, туризм саласының маманы да Қазақстанды өзі іздеп келеді.
Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Мерей Мұратханқызы, Арман Ақшабаев, Ерлан Наурызбаев