Мемлекет басшысы Грузияның Премьер-Министрімен кездесті
Кездесу барысында Президент грузиялық серіктестерді алдағы тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, екі елдің жоғары деңгейдегі достық, сауда-экономикалық қарым-қатынасына тоқталды. Қазақстан – Грузия экономикасына инвестиция құйып отырған мемлекеттердің бірі. Бүгінге дейін біздің ел Грузияға 450 млн доллар қаражат салған. Ал ресми Нұр-Сұлтан мен Тбилиси арасындағы сауда-саттық өткен жылы 100 млн долларға жетті. «Бұл – тым аз көрсеткіш», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан Президенті алыс-берісті тежеп отырған негізгі түйінді мәселелердің басын ашып айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сауда-экономикалық серіктестігімізге қатысты айта кетер жайт, арадағы сауда көлемі көп емес. Біріншіден, біздің үкіметаралық комиссияға тапсырма беремін. Саудадағы тауар түрлерін қайта қарап, серіктестігімізді арттыруға тың серпін беруіміз керек. Сондай-ақ теміржол тарифтеріне қатысты сұрақтар бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, тариф мәселесіне назар аударуыңызды сұраймын. Себебі біздің Грузия аумағындағы теңіз порты мен мұнай терминалымыз толық қуатында жұмыс істей алмай отыр.
Сондай-ақ Қазақстан Грузиямен ауыл шаруашылығы саласында кідірген сауданы қайта жандандыруға ниетті. Серіктестің бидайға деген жылдық 700 мың тонна қажеттілігі бар. Біздің ел бұған дейінгі жылдары сұраныстың тең жартысын жауып келген. Сонымен қатар мемлекеттер Транскаспий көлік бағыты бойынша ынтымақтастығын тереңдетуге әлеуеті бар. Грузияның Үкімет басшысы аталған мәселелердің барлығымен келісіп, жақын арада екі елдің үкіметаралық комиссиясы келісімге келетініне сенім білдірді.
Мамука Бахтадзе, Грузияның Премьер-Министрі:
- Біздің ұлттарды сан ғасырлық достық қарым-қатынастарымыз байланыстырады. Бұл байланысты мақтан тұтамыз. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің екі ел арасының жақындай түсуіне қосқан өлшеусіз үлесін, тарихи миссиясын атап өткім келеді. Өзіңіз айтып өткендей, серіктестігімізді арттыра түсетін бағыттарымыз бар. Аталған мәселелер бойынша бірлесе жұмыс істеп, жаңа деңгейге шығуға ниеттіміз.