Маңғыстауда 200-ден астам отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілді
Маңғыстау облысында 200-ден астам отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілген. Қайырымдылық шарасына өңір меценаттарымен қатар, қарапайым тұрғындар да атсалысып жатыр. Ірі сауда орталықтарына қайырымдылық сөрелері қойылып, жиналған азық-түлік мұқтаж жандарға таратылуда. Ал Батыр ауылында баспанасыз жүрген екі отбасыға үй салынып жатыр.
Енді бірер айда бұл үйде қоныс тойы тойланады. Үш бөлмелі үйді салуға бүкіл ауданның халқы жұмылдырылуда. Бірі іргетасын құйып, енді бірі кірпішін қалауға көмектескен. Тағы бір қалталы азамат жерін сатып алып беріпті.
Мұрат Тәңірбергенов, ҚМДБ халал бөлімінің Маңғыстаудағы өкілі:
- Мұнайлы ауданы жастарының басын қосып, осындай қайырымдылық шараны ұйымдастыруды ұйғардық. Есіктері алынды. Үйдің 70% дайын тұр, тек жылы еден және тағы бірер затын жасау керек.
Бұл үйге Алуаш Серікбаеваның отбасы қоныстанады. 68 жастағы кейуананың қуанышында шек жоқ. Өзге елден атажұртқа оралған ол бала-шағасымен бірге жеті жылдан бері ағаштан салынған ескі лашықта тұрып келеді.
Алуаш Серікбаева, Батыр ауылының тұрғыны:
- Бәріміз де қуанып жүрміз. Мына оқудағы балаларым да қуанып жатыр. «Мынандай үлкен үйде тұратын болдық», – деп. Естері кірген соң «бізде үй жоқ» деп налып жүрді. Алланың арқасында жер орынды болып жатырмыз.
Ораза басталғалы бір апта ішінде аймақта 200-ден астам отбасыға азық-түлік үлестіріліп, қаржылай қолдау көрсетілген. Қайырымдылық шарасынан көпбалалы және асыраушысынан айырылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да шет қалған жоқ. «Рамазан айы – мұсылман баласы үшін тек ораза ұстаумен ғана шектелетін ай емес. Бұл айда жақсылық жасаған жандарға еселеп сауап жазылады», – дейді облыстың бас имамы.
Смайыл Сейтбеков, ҚМДБ Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы:
- Соңғы уақытта қайырымдылық жасағысы келетін азаматтардың саны да көбейіп келе жатыр. Себебі біріншіден, біздің әл-ауқатымыздың тураланғандығы, екіншіден, имандылыққа бет бұрғаннан кейін Алланың берген нығметін өзгелерге де бөліп беріп, қамқор болып, жеткізуді міндет санайтын азаматтарымыздың саны көбейіп келе жатқандығын айта аламыз.
Қайырымды іс жасағысы келетін тұрғындар үшін аймақтағы барлық сауда орталықтарына арнайы сөрелер қойылды.
Гүлмира Әбішева, тілші:
- Дүкенге келген кез келген тұрғын өзінің сатып алған затының бір бөлігін мына сөрелерге қалдырып кете алады. Әр аптаның соңында мешіт қызметкерлері келіп, қайырымдылық ретінде қойылған бұл заттарды жинап алады да, мұқтаж жандарға таратып береді.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев