БҰҰ сарапшысы «Жусан-2» операциясына жоғары баға берді
Қазақстанға сегіз күндік сапармен келген Ни Аолэйн бұл туралы арнайы баспасөз мәслихатында айтты. Оның пікірінше, бұл – күрделі жағдайға тап болған балалар мен аналардың құқығын қорғайды және жаһандық мәселені реттеудің үздік үлгісі.
Ни Аолэйн Фионнуала, БҰҰ тәуелсіз сарапшысы:
- Қазақстан әйелдер мен балаларды елге қайтару мүмкін екендігін және оны орындауға болатынын көрсетті. Мұндай гуманитарлық бастаманы өзге мемлекеттер де қолдап, қолға алса тіпті жақсы. Дегенмен мені қоғам деңгейінде қолданылатын дерадикализация әдістері алаңдатады. Осы салада жұмыс істейтін ұйымдарды адам құқықтарына қатысты міндеттемелерін толық орындауға шақырамын.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Жусан-2» операциясы аясында 7-9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді. Оның 156-сы – балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і – жетім балалар.