Елбасына түркі бірлігі үшін жасаған ерең еңбегіне жоғарғы мәртебелі атақ берілді
Жоғарғы мәртебелі атақ Елбасына түркі бірлігі үшін жасаған ерең еңбегіне берілді. Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның ұсынысына Түркі Кеңесіне мүше мемлекет басшылары түгелдей қолдау көрсетті. Ел телеарналары мен БАҚ бірауыздан Елбасымыздың бұл атаққа лайық екенін жария етті.
Нұрсұлтан Назарбаев – түркі әлемі тарапынан берілген әрбір атақ пен дәрежеге лайықты тұлға. Түріктің белді саясаткерлері мен қоғамдық қайраткерлері осындай пікірде. Олардың айтуынша, Елбасы туыстас елдердің ынтымақтастығын шыңдап, Түркі Кеңесінің беделінің артуына тікелей әсер етті. Түбі бір түркі жұртының барлық салада ауызбіршілігін арттыру жолында маңызды жұмыстар атқарды. Сондай-ақ төрткүл дүниенің қауіпсіздігі мен бейбітшілігіне елеулі үлес қосты.
Ялчын Топчу, Түркия Республикасы Президентінің бас кеңесшісі:
- Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес мемлекеттерде бейбітшілікті нығайту мақсатында елеулі істер атқарды. Ол түркі әлемі елдерінің арасында қарым-қатынасты нығайтуға үлес қосты, басқа елдермен және халықаралық ұйымдармен де ынтымақтастықты арттыру жолында еңбек етті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – өзіне көрсетілген құрметке, түркі әлемі тарапынан берілген әрбір атағы мен дәрежесіне сай қайраткер. Өйткені түркі әлеміндегі барлық ірі жоба мен маңызды шешім Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асты.
Қазіргі таңда Түркітілдес мемлекеттер арасында бірқатар халықаралық ұйым жұмыс істейді. Олар – ТҮРКСОЙ, Түркі Кеңесі, Түркі Академиясы, ТүркПА және Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры. Төртеуі тікелей Елбасымыздың бастамасымен құрылған. 1992 жылдан бүгінге дейін 15 Түркітілдес мемлекет басшыларының саммиті ұйымдастырылды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев осының барлығына қатысты. Мұны түркі жұрты жақсы біледі. Сондықтан Елбасымызға бұл мәртебенің берілуі бекер емес.
Бағдат Әміреев, Түркі Кеңесінің бас хатшысы:
- Нұрсұлтан Назарбаев тек халықаралық ұйымдарды құрып қана қойған жоқ. Сондай-ақ түркі әлемі үшін үлкен интеллектуалдық үлес қосты. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы – түркі әлемінің өткені, бүгіні мен болашағына терең ой жүгіртетін тарихи туынды. Меніңше, Түркітілдес мемлекеттері басшыларының осы шешімі Нұрсұлтан Әбішұлының өткендегі еңбегін бағалап қана қоймай, сондай-ақ болашақтағы түркі бірлігінің де одан әрі жалғасуына үмітпен қабылданған шешім деп ойлаймын.
Жалпы түркі әлемінде Елбасының орны айрықша. Қазірде Анадолы жерінде Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі онға жуық көше мен даңғылға беріліп, ел астанасы Анкараның қақ ортасында ескерткіш орнатылған.
Авторы: Меруерт Қанағат