Елбасы Назарбаев Университетінің жаңа Атлетикалық орталығын ашты
Білімді әрі шымыр. Бізге санасы озық, тәні сау жастар керек. Бірақ бұл Атлетикалық орталық студенттерді шынықтырумен ғана шектеліп қалмайды. Орталықтың негізгі мақсаты – Қазақстанда спорттық медицинаны дамыту. Елбасы ашқан Атлетикалық орталық Қазақстанда, тіпті тұтас Орталық Азия аумағында ғылыми-спорттық кластерге айналуды көздеп отыр.
Максим Крят, Nazarbayev University спорттық кешендері басқармасының басшысы:
- Спортты да цифрландыруға болады. Біздің Университеттің идеясы – қазақстандық үздік атлеттерді санға аударып, олардың гендік деректерін сақтап, сол мәліметтер арқылы болашақ спортшыларды даярлау. Ол үшін атлетикалық орталықтың базасында үздік атлеттер мен жасөспірімдер арнайы тесттен өтеді. Мінсіз спортшының үлгісін ала отырып, гендік моделі сәйкес келетін жас спортшының қабілетін әрі қарай дамытатын боламыз. Жаттықтырамыз, методика таңдаймыз, осылайша чемпиондарды әзірлейміз.
Максим Кряттың айтқанына сену қиын. Бірақ гендік тестілеу арқылы қарым-қабілеті төмен спортшылардан үміт күтпейтін боламыз. Спорт ғимаратының аумағы 19 000 шаршы метрді құрайды. Онда студенттердің спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған, сондай-ақ спорт сарайына мүмкіндігі шектеулі адамдар да кедергісіз кіріп, шұғылдана алады. 660 көрерменге арналған олимпиадалық бассейн және паркеттік аренасы тағы бар. Сондай-ақ мұнда сквош-корт, жекпе-жек залы, жаттығу залы, семсерлесу орны, асханалар мен кеңселік үй-жайлар бар.
Әлинұр Мирасов, спорт және дене-шынықтыру орталығының маманы:
- Бізде су спортынан жаттығу өткізуге арналған суасты камералары бар, жарыстан тікелей трансляция жүргізе аламыз. Дәл қазір жаттығу залында таэквондодан қазақстандық құрама әлем чемпионаттарына дайындалып жатыр. Бұл орталық спортқа деген құлшынысы бар, бірақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да өте қолайлы.
Орталық Ұлттық Олимпиада мен Ұлттық Паралимпиадалық комитетпен тығыз жұмыс істейді. Атлетикалық орталықтың іске қосылуымен Қазақстандағы спорттың сапасы артып, ал чемпиондардың саны еселене түседі деген сенім бар.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Әлібек Әлиев, Хасен Омарқұлов