ҚР Президенті жұмыс сапарымен Атырау облысына барды
Осыдан 15 жыл бұрын бұл маң тозаңы ұшқан түз қиыр еді. Соры шығып, кебірсіген еріндей кеуіп жататын. Ал қазір қат-қабат жердегі қазақ қазынасын байытатын алып атырапқа айналды. Іргетасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалаған. Қуатты кешенге «Болашақ» деген атауды да берді. Сол зауыттың осы күні қарқыны күшті. Жасалып жатқан толымды іспен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев танысты.
Зауыттың іске қосылғанына 3 жылға жуықтады. Қазір мұнда мұнай мен газ өңделеді. Шикізат Қашағаннан алынады. Мамандар көгілдір отыннан түйіршіктелген күкіртті де өндіретін болған. Өзге елдер оны көбіне дәрі-дәрмек жасауда қолданады.
Қазір зауытта 7 мыңға жуық жұмысшы бар. Кешен жылына 22 млн тоннадан аса мұнай өңдеуге қауқарлы. Экспортқа шикі күйінде шықпайды. Мамандар өңдейді, сұрыптайды. Содан кейін жөнелтеді. Ол үшін қажетті қондырғылар қойылған.
Қуанышкерей Мұхтаров, өндіріс зауытының директоры:
- Қарашығанақ технологиялық процестерін орындау үшін бізде 3 зауыт бар. Бірінші зауыт Каспий теңізінде орналасқан. Екіншісі – «Болашақ» зауыты. Ал үшінші зауыт түйіршіктелген күкірт шығарады.
Ауаны ластамау – маңызды міндет. Қоршаған ортаға зиянды заттардың бөлініп кетпеуін мұндағылар жіті қадағалайды. Жұмысшылардың қауіпсіздігі де басты назарда.
Рүстем Әмірханов, зауыт қызметкері:
- «Болашақ» зауытында қауіпсіздік толықтай сақталған. Әр қызметкер оқытылған. Жеңілдетілген сары аймақта осындай масканы киеміз. Ал зауыттың аймағына кірген кезде ауа аламыз. Вибрация ойнап, дыбыс шыққанда міндетті түрде ауа маскасын киюіміз керек.
Қара алтынның керектігі кеміген жоқ. Қазір мұндайдан мыңнан аса өнім түрін әзірлеуге болады. Сондықтан зауыт басшылығы өндіріс қуатын еселеуді көздеп отыр.
Дастан Сейілханұлы, тілші:
- Қара алтынды қайта өңдейтін зауытта жұмыс істейтіндердің дені – жергілікті тұрғындар. Ауысыммен айлап келетіндері де бар. Өзге елдерге телміруші едік, қазір сондай мамандарды өзіміз дайындайтын болдық. Атырауда жас мұнайшыларды оқытатын орда – осы. Жылына 800-ден аса түлек түлеп шығады.
Іргелі оқу ордасына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барды. Президент колледж ұжымымен кездесті, онда жүзеге асып жатқан жаңа жобалармен танысты.
Колледж 2012 жылдың күзінде ашылған. Содан бері талай маманды дайындап үлгерді. Олардың көбі отандық мұнай-химия зауыттарында, кен орындары мен құрылыстарда қызмет етіп жүр. Білімгерлерге білікті ұстаздар дәріс береді.
Ермек Күзембаев, «Кәсіпқор» холдингі басқарма төрағасының міндетін атқарушы:
- Қазақстанның барлық өңірлерінен келіп студенттер оқып жатыр. Басқа аймақтардан келген студенттерді толық жатақханамен қапмтамасыз етіп отырмыз. 485 орынға арналған 4 жатақхана бар.
Әсел Ермекова, арнайы пәндердің аға оқытушысы:
- Атырау өңірінде бірінші орында келе жатқан компанияларда жұмыс жасап жатқан түлектеріміз бар. Жеке компанияларда басшылық қызметте отырғандар да бар. Түлектеріміздің көбі осындай белгілі компанияларда қызмет атқарып жатыр.
Студенттер алысқа сабылмайды. Алған білімді осы жерде тәжірибемен ұштастырады. Колледжде жас мамандардың шеберліктерін шыңдауға арналған кабинеттер бар. Қажетті қондырғылар қойылған. Озық оқу ордасы болған соң, шеттен келіп оқитындар көп.
Әйгерім Салауатова, студент:
- Қазір судың тығыздығын анықтау үшін арнайы тәжірибе жасаймыз. Ол үшін бізге целиндр және алюметр деген құрылғылар керек. Бірінші суды 100 мл құямыз. Содан кейін мыңдық алюметрді саламыз. Ауытқу болғанша қараймыз.
Қыр асып кететін қара алтынға иек артып отыруға болмайды. Қойнауда бар қазынаны өзіміз игеріп, өңдей алсақ ұтқан тұсымыз сол болады. Ал мемлекет кенді байытатын мамандарды әзірден әзірлеп жатыр. Президент: «Өңдеу өнеркәсібіне басымдық беру арқылы ғана көш түзеуге болады», – деді.
Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Жандос Битабаров, Асхат Әзіретханов