Хабар телеарнасы

Мәжіліс отырысында республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берілді

Кірістің негізгі бөлігі мұнай-газ секторынан түсіп отыр, яғни елдің ортақ қазынасының кірісі әлі де шикізатқа тәуелді. Біз жиі айтып жүрген экономиканы әртараптандыру жұмысы жүзеге аспай тұр деген сөз.

Мәжілістің жалпы отырысында 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берілді. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов: «Бюджетті 100% орындадық», – деп айтқанымен, қазына қаржысының игерілуіне депутаттардың бәрібір көңілі толмады.

Жыл өтті. Бюджет орындалды. Қаржы жұмсалды. Жабулы қазанды жылы жауып қоя салар ма еді?! Бірақ болмайды. Ортақ қазына қаржысы демек, бұл – халықтың қаржысы. Сондықтан оның әрбір тиынының қалай және қайда жұмсалғаны туралы есеп беруге, есептесуге тура келеді. Төменгі палатаның отырысы осы сұрақ төңірегінде өрбіді. Үкімет мүшелері «жұмсадық» деп жұмсақ айтады, ал депутаттардың көп көрсеткішке көңілі толмайды. Алдымен бюджеттің кірісі туралы. Өткен жылы ол 8 трлн теңгеден асқан. «Индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасының 5 жылдығында 5 трлн теңге жұмсалғанмен, ол бюджеттің кіріс құрылымына еш әсер еткен жоқ», – деп есептейді депутаттар. Ал былтырғы бюджеттің шығысы 9 трлн 637 млрд теңге болса, соның 138 млрд теңгесі тиімсіз игерілген, ал жүргізілген аудит 469 млрд теңгенің қаржылық бұзушылықтарын анықтап отыр.

Наталья Годунова, ҚР Есеп комитетінің төрайымы:

- Неге қуаты жағынан бірдей әлеуметтік нысандардың құны әртүрлі, кейде тіпті фантастикалық шектерге жетеді? Жеке сараптама ондай объектілерге де оң қорытындысын береді. Мысалы Нұр-Сұлтан қаласындағы желілік парк құрылысының сметалық құны 413 млн теңгеге артық көрсетілсе, Қостанай қаласының Юбилейный шағын ауданында кезекте тұрғандар үшін тұрғын үй құрылысының жобасы 150 млн теңгеге қымбаттатылған. Қазір елімізде 144 жеке сарапшы ұйым тіркелген. Оларға қойылатын біліктілік талаптарын күшейту қажет.

Дұрыс жоспарламау, сосын сансыз өзгертулер. Бюджетті бүлдіретін де осылар. Қарапайым халықтың өзін былай қойғанда, депутаттардың өзі ортақ қазына қаржысының қайтарымын көре алмай отырғанын ашық айтты.

Гүлжан Қарақұсова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз не көріп отырмыз? Толып жатқан индикаторлар мен көпдеңгейлі көрсеткіш. Тек қана орталық деңгейде 500, ал жергілікті жерде 1,5 мың индикатор бар екен. Сонда бюджеттің тиімді игерілгенін қалай анықтауға болады? 2009 жылдан бері Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бюджет қаржысын тиімді игерудің нақты нәтижесін көрсетуді тапсырды. Ол әлі күнге орындалған жоқ. Осы уақытта Үкімет деңгейінде бір емес, екі жұмыс тобы құрылды. Нәтиже жоқ.

Қазақстанда 680 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар, соның 461 мыңы жұмысқа қабілетті болса, тек 20 мыңы ғана еңбекпен қамтылған. 2018 жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «олар үшін 803 жұмыс орнын құрамыз» деп уәде еткенмен, соның тек 355-і ғана ашылған. Депуттар себебін сұрады.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Жұмыс берушіге арнайы квота беріледі, бірақ өкінішке орай былтыр сол жұмыс берушілер берілген квотаны толық орындамаған. Енді бұдан былай жұмыс берушілер берілген квотаны орындамайтын болса, онда оларға шара қолдануымыз керек.

«Бюджеттің орындалу тиімділігін арттыру» деген Елбасының тапсырмасын Мәжіліс төрағасы бір емес, бірнеше рет қайталады. Себебі ортақ қазынаның әрбір тиыны діттеген жеріне жетсе, екі жақты да алаңдатар мәселе әлдеқайда аз болар еді. Білім, денсаулық, жұмыспен қамту салаларында күрмеуі шешілмеген көп мәселе айтылды. Мұғалімнің біліктілігі, дәрігердің жетіспеушілігі, шағын несиенің аздығы түптеп келгенде әрбір тиынның тиімді жұмсалуына келіп тірелерін министрлер де, депутаттар да, көгілдір экранның бер жағындағы көрермен де түсінеді. Бірақ түйсік түсінгенмен, атқарылу жағы ақсап қала береді. Оған кінәлі кім? Тағы айтылмады, сөйтіп ешкім жауапқа тартылмаған тағы бір жиын аяқталды.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Самат Курбиев